Александр Бублик алғаш рет топырақ төсенішіндегі турнирде топ жарды

АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстанның бірінші, әлемнің 34-ракеткасы Александр Бублик Гштаад (Швейцария) ATP 250 турнирінде үздік шықты.

Бублик
Фото: Olympic.kz

Қазақстандық теннисші осыған дейін ATP турнирлерінде 12 рет финалға шығып, соның бесеуінде чемпион атанған. Сондай-ақ бұл — Бубликтің топырақ төсенішіндегі жарыстағы алғашқы финалы.

Отандасымызға шешуші бәсекеде дүниежүзілік рейтингіде 109-орында тұрған Хуан-Мануэль Серундоло қарсы келді. Аргентиналық спортшыны оңай шағылатын жаңғақ деуге болмас. Ол осы жарыс барысында әлемнің 13-ракеткасы, норвегиялық Каспер Руудты 6:2, 1:6, 6:3 есебімен жеңіп кеткен. 

Финалдық матчты қарсыластар брейк алмасумен бастады – 1:1. Бублик партияны брейкпен тәмамдай алды – 6:4. 

Екінші сетте есеп 2:2 болған мезетте Серундоло брейк жасап кетті – 3:2. Дегенмен қазақстандық спортшы таразы басын теңестірді – 4:4. Бірақ сол бойда қателікке бой алдырып, өз геймін беріп қойды – 4:5. Серундоло сетке доп бергенде, өз мүмкіндігін жіберген жоқ – 6:4. 

Үшінші, шешуші партияда Бублик брейк жасап, 5:2 есебімен алға шықты. Ақыры ойынды жеңіспен түйіндей білді – 6:3.

2 сағат 7 минутқа созылған бәсекеде Бублик 13 эйспен бірге 14 брейк-пойнттың төртеуін өз еншісіне жазды. Серундоло 1 эйс жасап, 10 брейк-пойнттың үшеуін пайдаланды. 

Осылайша Александр Бублик алғаш рет топырақ төсенішіндегі турнирде жеңімпаз болды. Бұл – оның спорттық жолындағы ATP жарыстарындағы алтыншы, биылғы екінші титулы.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Бубликтің Швейцариядағы турнирде чемпиондық атақ үшін таласатынын жазған едік.

Сондай-ақ Вашингтон турнирінде Бейбіт Жұқаев іріктеу сайысының финалына шықты.

Соңғы жаңалықтар