Александр Бублик Алматы турниріне келетін болды

АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстан ерлер құрамасының көшбасшысы Александр Бублик 11-19 қазан аралығында өтетін Almaty Open ATP 250 турнирінде ойнайды.

Александр Бублик
Фото: ҚТФ

Қазақстан теннис федерациясынан мәлім еткеніндей, А.Бубликтің еліміздегі жылдың басты теннис жарысына қатысатыны ресми расталды.

Александр Бублик – әлемдегі ең танымал ойыншылардың бірі. Ол бес рет АТР турнирлерінде чемпион атанған: Галле АТР 500 (2023, 2025), Монпелье АТР 250 (2022, 2024) және Антверпен АТР 250 (2024).

Александр Бублик қазақстандық жанкүйерлердің көз алдында Almaty Open ATP 250 турнирінде алғаш рет өнер көрсетпек. 

- Өз алаңымызда ойнау ерекше жауапкершілік үстейді әрі үлкен дем береді. Мен Алматы кортына шығу сәтін асыға күтемін, жанкүйерлерімізді жарқын ойын, жақсы нәтижемен қуантамын деп үміттенемін. Өз жанкүйерлеріміздің қолдауы әрқашан күш береді, - деді теннисші.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын қазақстандық жас теннисшілердің Қырғызстандағы турнирде үздік шыққанын жазған едік.

Соңғы жаңалықтар