Александр Бублик Доха ATP 250 турнирінің ширек финалына өтті
ДОХА. KAZINFORM - Қазақстанның бірінші, әлемнің 21-ракеткасы Александр Бублик Доха ATP 250 турнирінің ширек финалына шықты.
Жарыстың 4-ракеткасы болып тіркелген қазақстандық теннисші екінші айналымда дүниежүзілік рейтингіде 80-орында тұрған Мажарстан өкілі Мартон Фучовичпен кездесті.
Бірінші партияда мажарстандық спортшы 6:2 есебімен басым түсті.
Есесіне содан кейін Бублик ұрымтал сәттерде шеберлігін көрсете білді - 6:3, 6:4.
Екі сағат 7 минутқа созылған бәсеке барысында Бублик 5 эйспен бірге 11 брейк-пойнттың төртеуін пайдаланды. Фучович 2 эйс, 4 брейкпен (7 брейк-пойнт) көзге түсті.
Александр Бублик жартылай финалға шығу үшін әлемнің 46-ракеткасы, австралиялық Алексей Попыринмен таласады. Ол рейтингіде 151-сатыдағы франциялық Уго Греньені ұтты - 7:6 (7:3), 6:7 (8:10), 6:1.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Елена Рыбакинаның Дубайда 13 эйс жасап, ширек финалға шыққанын жазған болатынбыз.