Елена Рыбакина Дубайда 13 эйс жасап, ширек финалға шықты
ДУБАЙ. KAZINFORM – Қазақстанның бірінші, әлемнің 4-ракеткасы Елена Рыбакина Дубай WTA 1000 турнирінің ширек финалына шықты.
Қазақстандық теннисші үшінші айналымда дүниежүзілік рейтингіде 53-орында тұрған Польша өкілі Магдалена Френхпен шеберлік байқасты.
Осыған дейін қарсыластар 2018 жылы Тайбэйдегі турнирде кездесіп, онда Е.Рыбакина 6:3, 6:4 есебімен басым түскен еді.
Бұл жолы бірінші партияда есеп 3:3 болған мезетте поляк спортшысы брейк жасап кетті. Дегенмен ол сетке доп бергенде, Елена таразы басын теңестірді – 5:5. Тай-брейкте 2:5 есебімен ұтылып жатып, қатарынан бес допты өз есебіне жазды – 7:6 (7:5).
Екінші сетті М.Френх брейкпен бастады – 3:0. Бұдан кейін Рыбакина есепті қысқартқанымен, қарсыласының қайта басымдылық алуына мүмкіндік беріп қойды – 2:4. Ақыры партия Френхтің еншісінде кетті – 6:3.
Үшінші, шешуші партияда есеп 5:4 болған кезде Рыбакина брейк жасай алды – 6:4.
Тартысты өтіп, 2 сағат 39 минутқа созылған бәсеке барысында Е.Рыбакина 13 эйс жасап, 8 брейк-пойнттың үшеуін пайдаланды. М.Френх 3 эйс, 3 брейкпен (9 брейк-пойнт) көзге түсті.
Елена Рыбакина жүлде қоры 3,2 млн АҚШ долларынан асатын доданың жартылай финалына шығу үшін әлемнің 26-ракеткасы, италиялық Ясмина Паолинимен таласады. Ол үшінші айналымда күтпеген жерден әлемнің 11-ракеткасы, грекиялық Мария Саккариді жолдан тайдырды – 6:4, 6:2.
Е.Рыбакина өткен жылы Дубай додасында үшінші айналымнан аса алмаған еді.
Тағы бір қазақстандық, жұптық сында рейтингіде 47-орындағы Анна Данилина Дубайда қытайлық Шуай Чжанмен бірге ширек финалға шыға алмады. Олар жарыстың 2-ракеткалары, канадалық Габриэла Дабровски - жаңа зеландиялық Эрин Рутлифке жол берді – 7:5, 2:6, 6:10.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Елена Рыбакинаның Дубай WTA 1000 турнирінде 1/8 финалға өткенін жазған болатынбыз.