Елена Рыбакина Дубай WTA 1000 турнирінде 1/8 финалға өтті
ДУБАЙ. KAZINFORM – Қазақстанның бірінші, әлемнің 4-ракеткасы Елена Рыбакина Дубай WTA 1000 турнирінің 1/8 финалына өтті.
Жарысты екінші айналымнан бастаған 24-тегі қазақстандық теннисші өзінен 10 жасқа үлкендігі бар, кезінде әлемдік рейтингіде көш бастаған, қазір 27-орында тұрған Беларусь өкілі Виктория Азаренкомен сынға түсті.
Осыған дейін қарсыластар өзара екі рет кездесіп, соның екеуінде де Е.Рыбакина басым түскен еді.
Бұл жолы бірінші партияда есеп 2:2 болған мезетте Азаренко брейкпен алға шықты – 4:2. Осы басымдылық оған жеткілікті болды – 6:4.
Екінші сетте есесіне Рыбакина 4:2 есебімен алға кетіп, тағы бір брейкпен бітірді – 6:2.
Бұдан кейін В.Азаренко медициналық көмекке жүгініп, жарақатына байланысты матчты жалғастырудан бас тартты.
Бір сағат 15 минутқа созылған бәсекеде Е.Рыбакина 4 эйс жасап, 5 брейк-пойнттың екеуін пайдаланып үлгерді. В.Азаренко 1 брейкпен шектелді.
Елена Рыбакина ширек финалға шығу үшін әлемнің 53-ракеткасы, Польша өкілі Магдалена Фрешпен таласады. Ол екінші айналымда рейтингіде 61-сатыдағы хорватиялық Петра Мартичтен айласын асырды – 6:4, 1:6, 6:2.
Бір қызығы, М.Фреш іріктеу сайыстарының финалында тағы бір қазақстандық Юлия Путинцеваның жолын бөгеп, негізгі турнирге өткен еді.
Бүгін Дубайда күтпеген нәтиже тіркелді. Әлемнің 2-ракеткасы, белоруссиялық Арина Соболенко рейтингіде 31-орындағы хорватиялық Донна Векичтен жеңіліп қалды – 7:6, 3:6, 0:6.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Дмитрий Попкоының АҚШ-та екінші рет қатарынан ITF жарысының жеңімпазы атанғанын жазған болатынбыз.