Александр Бублик Дубайда әлемнің 5-ракеткасын жеңіп, финалға шықты
ДУБАЙ. KAZINFORM - Қазақстанның бірінші, әлемнің 23-ракеткасы Александр Бублик Дубай ATP 500 турнирінің финалына жолдама алды.

Қазақстандық теннисші жартылай финалда әлемнің 5-ракеткасы, ресейлік Андрей Рублевпен кездесті. Бірінші партияда ресейлік спортшы тай-брейкте басымдылық танытты - 7:6 (7:4).
Екіншісінде Бублик есе қайырды - 7:6 (7:5). Үшінші, шешуші сетте есеп Бубликтің пайдасына 6:5 болған мезетте Рублев қапталдағы төрешіні балағаттаны үшін жеңіс қазақстандыққа берілді.
Екі сағат жарымға созылған тартысты кездесуде Бублик 21 эйс жасап, 4 брейк-пойнттың үшеуін пайдаланды. Рублев 9 эйс, 3 брейкпен (14 брейк-пойнт) көзге түсті.
Александр Бублик финалда әлемнің 4-ракеткасы, ресейлік Даниил Медведев немесе рейтингіде 18-орындағы франциялық Уго Умбердің біреуімен чемпиондық атақты сарапқа салады.