Александр Бублик Германиядағы жарыстың жартылай финалына шықты

АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстанның бірінші, әлемнің 48-ракеткасы Александр Бублик Галле (Германия) ATP 500 турнирінің жартылай финалына шықты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
None
Фото: ktf.kz

Қазақстандық теннисші ширек финалда әлемнің 9-ракеткасы, италиялық, 21 жастағы Янник Синнермен шеберлік байқасты.

Осыған дейін қарсыластар өзара төрт кездесіп, соның бәрінде италиялық спортшы жеңіске жеткен еді.

Жуырда Нидерландтағы Хертогенбос жарысында Я.Синнер А.Бубликті 6:4, 6:2 есебімен ұтқан болатын.

Бұл жолы бірінші партияда қазақстандық теннисші 7:5 есебімен басым түсті.

Екінші сетте 2:0 есебімен Бублик жеңіп жатқан кезде Синнер матчты жалғастырудан бас тартты.

Бар-жоғы 52 минутқа созылған бәсекеде Бублик 6 эйспен бірге 3 брейк-пойнтты пайдаланып үлгерді. Синнер 2 эйс, 1 брейктен аса алмады.

Александр Бублик финалға шығу үшін әлемнің 22-ракеткасы, германиялық Александр Зверев немесе рейтингте 28-орындағы чилилік Николас Харридің біреуімен таласады.

Еске сала кетейік, бұдан Александр Бубликтің Германиядағы жарыстың ширек финалына шыққанын жазған болатынбыз.

Ал Александр Недовесов Ұлыбританиядағы турнирдің финалына өтті.


Соңғы жаңалықтар