Александр Бублик: Лэйвер кубогына қатысу – мен үшін қызықты тәжірибе
АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстандық теннисші Александр Бублик Лондонда Лэйвер кубогына қатысар алдында өз әсерімен бөлісті.
Бұл 29 жастағы қазақстандық спортшы үшін осындай дәрежедегі алғашқы сынақ болмақ. Лондонда ол маусым бойы өзіне әдетте қарсылас болып келген ойыншылармен бірге Әлем командасының намысын қорғайды.
- Мен үшін мұндай командада болу – қызықты тәжірибе. Бұған дейін мен тек Дэвис кубогы аясындағы командалық жарыстарға қатыстым. Әрине, Лэйвер кубогы – мүлде басқа шара, дегенмен мұнда нағыз командалық рух сезіледі, - дейді А.Бублик.
Лэйвер кубогы жеке ойыншылар бірлесіп өнер көрсететін жарыс ретінде ойластырылған.
Турнир Роджер Федерердің идеясы бойынша алғаш рет 2017 жылы өткізілген. Онда Еуропаның алты үздік ойыншысы қалған құрлықтың алты өкілімен кездеседі. Онда үш күн бойы кортқа шығып қана қоймай, үнемі бір команданың ішінде болады.
Лэйвер кубогының ерекшелігі, мұнда әр ұрпақ өкілдері – жастармен қатар тәжірибелі спортшылар бір командада болып, жалпы нәтиже үшін бірге күреседі.
Турнир барысында команда әр ұтқан матч үшін бірінші күні 1, екінші күні 2, қорытынды үшінші күні 3 ұпай алады. Бірінші болып 13 ұпай жинаған команда жеңімпаз атанады.
Рейтингілік ұпайдың жоқтығына қарамастан, нәтиже маңызды рөл атқарады.
- Рейтингілік ұпай болмаса да, команданың жеңіске ұмтылуы мені таңғалдырды. Мұнда келгенде, кортқа жеңу үшін шығу қажеттігін түсіндім. Біз тактиканы, матчқа қатысты нәрсенің бәрін үнемі талқылаймыз. Сондықтан бұл – мен үшін қызықты тәжірибе, - деді қазақстандық спортшы.
Лэйвер кубогы ойнатылғаннан бері Еуропа мен Әлем командасының тайталасы тартысты болып келеді. Алғашқы төрт ойында еуропалық команда жеңіске жетсе, содан кейін қарсыластары күш алады. Биылғы турнир алдында есеп – 5:3, Еуропаның пайдасында.
Бублик Лэйвер кубогына шақырылатын қатысушының мәртебесіне назар аударды. Бұл – әлемдегі мықты ойыншылардың шектеулі құрамына ену деген сөз.
- Еуропа немесе Әлем командасына шақырту алу – бұл артықшылық, бәлкім, сенің жемісті жылды өткізгеніңнің мойындалуы. Мұнда сен мықты ойыншылармен бірге жалпы нәтиже үшін күресуге мүмкіндік аласың, - дейді әлемнің 21-ракеткасы.
Команда құрамы тек рейтинг негізінде ғана анықталмайды, бірқатар ойыншыны капитандар таңдайды. Биылғы Әлем командасының капитаны, «Үлкен дулыға» турнирінің сегіз мәрте чемпионы, 56 жастағы Андре Агасси, оның көмекшісі – АҚШ ашық чемпионатының екі дүркін жеңімпазы, 53-тегі Патрик Рафтер.
Басқа жарыстарда спортшылар әдетте тек өз матчтарына ғана көңіл бөлсе, мұнда команда бірнеше күн бойы бірге болады. Жаттығумен қатар бірге тамақтану, болашақ матчтарды бірге талқылау отбасылық атмосфераны туғызады.
- Мен Андремен де, Пэтпен де көп әңгімелестім. Шынында да бір отбасы секілдіміз. Біз таңғы, түскі және кешкі асты бірге ішеміз, жаттығамыз, алдағы ойында жеңіске жету жолын талқыға саламыз. Сондықтан бұл турнирдің болашағы ұзақ деп ойлаймын, - дейді Бублик.
А.Бублик Лэйвер кубогына қатысу айрықша командалық тәжірибе алмасу түрі болса да, оны ұлттық құрама сапында өнер көрсетумен салыстырмау керектігін атап өтті.
- Қазақстан намысын қорғау – айрықша құрмет. Мен бұл елге қонақ ретінде келдім, уақыт өте келе, халықпен байланысым нығайды. Мен үшін Қазақстан үшін ойнау – әрқашан ерекше сезім, сондықтан оған әрдайым разы көңілмен ораламын, - деді ол.
Бублик Қазақстан теннис федерациясымен Дэвис кубогының болашақ бір матчын Алматы қаласында өткізу мүмкіндігі талқыланғанын жеткізді. Өзінің айтуынша, оңтүстік астанада ойнамағанына көп уақыт болған.
Лэйвэр кубогының тоғызыншы турнирі Лондонда 25-27 қыркүйек аралығында өтеді. Бұдан бұрынғы сегіз додаға әлемнің 26 елінен 62 теннисші қатысқан.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Билли Джин Кинг кубогында Қазақстан құрамасы жартылай финалдан тыс қалғанын жазған едік.