Александр Бублик Лондон ATP 500 турниріне шақырту алды

АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстанның бірінші, әлемнің 43-ракеткасы Александр Бублик 16-22 маусым аралығында өтетін Лондон (Ұлыбритания) ATP 500 турнирінде бақ сынайды.

 Александр Бублик
Фото: ҰОК

Әлемнің 6-ракеткасы, италиялық Лоренцо Музетти аталмыш жарысқа қатысудан бас тартты. Сондықтан оны Александр Бублик алмастырады. 

Өткен аптада Л.Музетти Ролан Гаррос турнирінің жартылай финалында испаниялық Карлос Алькараспен матчын жарақатына байланысты аяқтай алмаған еді. К.Алькарас 4:6, 7:6 (7:3), 6:0, 2:0 есебімен алда тұрған кезде италиялық теннисші ойынды тоқтатуға мәжбүр болды.
Ролан Гарроста алғаш рет ширек финалға дейін жеткен А.Бублик үшін Лондон додасы көгал төсенішіндегі биылғы беташар жарыс болмақ.

Сондай-ақ Лондонда ойнаудан бас тартқан әлемнің 8-ракеткасы Томми Полды Камило Уго Карабельи (53, Аргентина), Маттео Берреттиниді (28, Италия) Дженсон Бруксби (151, АҚШ) ауыстырады.

Өткен жылы Т.Пол жеңімпаз болса, Л.Музетти финалға дейін жеткен еді.

Бүгін Қазақстанның әйелдер арасында бірінші, әлемнің 11-ракеткасы Елена Рыбакина Лондон WTA 500 турнирінде рейтингіде 86-сатыдағы германиялық Татьяна Мариямен жартылай финал жолдамасын сарапқа салады.

Кеше Е.Рыбакина жұптық сында Юлия Путинцевамен бірге ширек финалда доданың 4-ракеткалары, америкалық Айша Мухаммад — нидерландылық Деми Схурске жол берді — 1:6, 5:7.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Елена Рыбакинаның Лондон турнирінің ширек финалына өткенін жазған едік.

Сондай-ақ Анна Данилина Лондон жарысының жартылай финалына жолдама алды.

Соңғы жаңалықтар