Елена Рыбакина Лондон турнирінің ширек финалына өтті

АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстанның бірінші, әлемнің 11-ракеткасы Елена Рыбакина Лондон (Ұлыбритания) WTA 500 турнирін сәтті бастады. 

Елена Рыбакина Лондон турнирінің ширек финалына өтті
Фото: ҚТФ

Жарыстың 4-ракеткасы болып тіркелген қазақстандық теннисші екінші айналымда дүниежүзілік рейтингіде 164-орында тұрған ұлыбританиялық Хитер Уотсонды сынап көрді.

Алғашқы айналымда тағы бір қазақстандық, әлемнің 27-ракеткасы Юлия Путинцеваны жеңіп кеткен жергілікті теннисші өзінің оңай шағылатын жаңғақ еместігін көрсеткен еді.

Бұл жолы бірінші партияда есеп 3:3 болған мезетте Рыбакина брейк жасай білді. Сосын өз пайдасына аяқтады – 6:4.

Қазақстандық спортшы екінші сетте де 2:0 есебімен алға шықты. Ақыры тағы бір брейкке қол жеткізіп, матчты жеңіспен түйіндеді – 6:2.

Бір сағат 23 минутқа созылған бәсекеде Рыбакина 9 эйспен бірге 6 брейк-пойнттың үшеуін пайдаланды. Уотсон 2 эйс жасағанымен, 7 брейк-пойнтты мүлт жіберді.

Елена Рыбакина жартылай финалға шығу үшін рейтингіде 86-сатыдағы германиялық Татьяна Мариямен таласады.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Лондон турнирінде Рыбакина мен Путинцеваның жұптық сында ширек финалға шыққанын жазған едік.

Сондай-ақ Александр Шевченко Словакиядағы жарыста екінші жеңісіне қол жеткізді.

Соңғы жаңалықтар