Александр Бублик Майами мастерс турнирінде рейтингісі жоғары теннисшіні ұтты

АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстанның бірінші, әлемнің 80-ракеткасы Александр Бублик Майами (АҚШ) мастерс турнирінің екінші айналымына өтті.

Александр Бублик Майами мастерс турнирінде рейтингісі жоғары теннисшіні ұтты
Фото: Sports.kz

Қазақстандық теннисші бастапқы кездесуін әлемнің 36-ракеткасы, аргентиналық Себастьян Баэспен өткізді.

Қарсыласының ATP рейтингісінде жоғары тұрғанына қарамастан, Бублик сәтті ойнай білді — 6:3, 6:4.

Бір сағат 10 минутқа созылған бәсеке барысында Александр Бублик 8 эйспен бірге 6 брейк-пойнттың тең жартысын пайдаланды. Себастьян Баэс бірде-бір эйс жасай алмай, 3 брейк-пойнттың біреуін ғана өз есебіне жазды.

Александр Бублик үшінші айналымға шығу үшін әлемнің 13-ракеткасы, америкалық Томми Полмен шеберлік таластырады.

Осы айдың 30-ында аяқталатын Майами мастерс турнирінің жүлде қоры 9 млн АҚШ долларынан асады.

Өткен жылы Александр Бублик екінші айналымнан аса алмаған еді.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Дмитрий Попконың Мексикадағы турнирдің екінші айналымына шыққанын жазған болатынбыз.

Соңғы жаңалықтар