Александр Бублик Монпельеде чемпиондық атағын қорғай алады ма
АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстанның бірінші, әлемнің 39-ракеткасы Александр Бублик Монпелье (Франция) ATP 250 турнирінде чемпиондық атағын қорғайды.

Қазіргі кезде іріктеу сайыстары өтіп жатқан аталмыш жарыста А.Бублик 2024 жылы үздік шыққан еді.
Биыл чемпиондық атағына қоса 250 рейтингілік ұпайын қорғауы тиіс. Жарыстың 4-ракеткасы болып тіркелген қазақстандық теннисші екінші айналымда рейтингіде 118-орында тұрған германиялық Доминик Кёпфер немесе 144-сатыдағы франциялық Грегуар Баррердің қай жеңгенімен кездеседі.
Жылды сәтсіз бастап, Аустралия ашық чемпионатының алғашқы айналымында-ақ аргентиналық Франсиско Серундолодан ұтылып қалған А.Бубликтің қазіргі таңдағы ойыны қожырап кеткендей.
Бүгін жаңартылған ATP рейтингісінде Бублик 37-ден 39-орынға түсіп қалды. Егер Монпельеде сәтсіздік жалғасса, рейтингіде одан сайын құлдырауы ықтимал.
Франциядағы жарыста сондай-ақ әлемнің 112-ракеткасы Михаил Кукушкин бақ сынайды. Ол алғашқы айналымда іріктеу сайысы жеңімпаздарының бірімен шеберлік байқасады.
Монпелье турнирі 2 сәуірде мәресіне жетеді.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Аустралия чемпионатында италиялық теннисшінің екінші жыл қатарынан жеңімпаз атанғанын жазған болатынбыз.
Сондай-ақ әлемдік рейтингіде Путинцеваның кезекті рекорды тіркеліп, Рыбакина 5-орында тұр.