Александр Бублик Париж мастерс турнирінің финалынан тыс қалды

АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстандық теннисші жартылай финалда әлемнің 10-ракеткасы, канадалық Феликс Оже-Альяссиммен бетпе-бет келді. 

теннис
Фото: Sports.kz

Бұл кездесудің қос спортшы үшін де маңызы зор еді. Өйткені Италияның Турин қаласында өтетін жылдың қорытынды турниріне қатысу үшін соңғы, сегізінші жолдамадан екеуі де үмітті болатын.

Биыл Дубайдағы додада канадалық теннисші А.Бубликті 2 сағат 51 минутқа созылған тартысты бәсекеде 7:6 (9:7), 6:7 (4:7), 6:3 есебімен жеңген еді. Бұл жолы бірінші партияда тай-брейкте Оже-Альяссим мүлт кеткен жоқ – 7:6 (7:3).

Екінші сетте Бублик брейк жасап, 2:0 есебімен алға шыққанымен, ізінше өз геймін беріп қойды. Сосын ашуға бой алдырып, ракеткасын кортқа ұрып сындырды. Бұдан кейін қазақстандық теннисші тағы бір брейкпен есепті 4:1-ге жеткізгенімен, қарсыласы таразы басын теңестірді – 4:4. Ақыры жеңіс канадалықтың еншісінде кетті – 6:4.

Бір сағат 37 минутқа созылған бәсекеде Бублик 5 эйспен бірге 2 брейк-пойнтты өз есебіне жазды. Оже-Альяссим 12 эйс жасап, 4 брейк-пойнттың үшеуін пайдаланды. Осылайша, Бубликтің Париж мастерс турниріндегі төрт матчқа созылған жеңісті сериясы үзілді. Ол бұған дейін әлемдік рейтингіде үздік ондыққа кіретін америкалық Тейлор Фриц пен аустралиялық Алекс де Минорды жеңген.

Аталмыш турнирде алғаш рет жартылай финалға дейін жеткен Бублик 282 650 еуро табыс тауып, 400 рейтингілік ұпайға ие болды. Қазіргі кезде ол ATP Live рейтингісінде 13-інші, ал чемпиондық кестеде 11-орынға көтеріліп тұр. 

Чемпиондық кестеде 8-сатыға шыққан Феликс Оже-Альяссим финалда әлемнің 2-ракеткасы, италиялық Янник Синнермен чемпиондық атаққа таласады. Ол жартылай финалда рейтингіде 3-орындағы германиялық Александр Зверевті 6:0, 6:1 есебімен ойсырата жеңді.

Өткен жылы Парижде А.Зверев үздік шыққан болатын.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Александр Бубликтің тұңғыш рет мастерс турнирінің жартылай финалына шыққанын жазған болатынбыз.

Соңғы жаңалықтар