Александр Бублик Турин турнирінде қарсыласын қапы қалдырды

АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстанның бірінші, әлемнің 76-ракеткасы Александр Бублик (Италия) челленджер турнирінің 1/8 финалына шықты. 

Александр Бублик Турин турнирінде қарсыласын қапы қалдырды
Фото: ҚТФ

Жарыстың 8-ракеткасы болып тіркелген қазақстандық теннисші алғашқы айналымда дүниежүзілік рейтингіде 164-орында тұрған италиялық Маттео Гигантенің жолын кесті.

Бірінші партияда Бублик 6:3 есебімен басым түссе, екінші сетте қарқынын тіпті үдетті – 6:1.

Бір сағатқа созылған кездесуде Бублик 5 эйспен бірге 5 брейк-пойнттың төртеуін пайдаланып үлгерді. Гиганте 1 эйспен ғана шектелді.

Александр Бублик ширек финалға шығу үшін әлемнің 194-ракеткасы, тағы бір италиялық Федерико Арнабольдимен шеберлік таластырады. 

Еске сала кетейік, бұдан бұрын теннистен Парма турнирінің Путинцева мен Құламбаева үшін сәтті басталғанын жазған едік.

Соңғы жаңалықтар