Александр Бублик Турин турнирінің финалына шықты

АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстанның бірінші, әлемнің 76-ракеткасы Александр Бублик Турин (Италия) челленджер турнирінің финалына жолдама алды.

бублик
Фото: ҚТФ

Қазақстандық теннисші жартылай финалда рейтингіде 71-орында тұрған германиялық Даниэль Альтмайердің жолын кесті.

Кездесу 6:2, 6:4 есебімен Бубликтің пайдасына шешілді.

Бір сағат 10 минутқа созылған бәсеке барысында А.Бублик 7 эйспен бірге 7 брейк-пойнттың үшеуін мүлт жіберген жоқ. Альтмайер 8 эйспен көзге түсті.

Александр Бублик соңғы бәсекеде әлемнің 73-ракеткасы, қытайлық Бу Юнчаокетемен чемпиондық атақты сарапқа салады.

Қазақстандық теннисші, 17 жастағы Әмір Омарханов италиялық Александр Биндамен бірге Реджио Эмилия (Италия) ITF M25 турнирінің финалында ресейлік Кирилл Киватцев — италиялық Томмазо Компаньюччиге есе жіберді — 4:6, 5:7. Сөйтіп чемпион атана алмады.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Зарина Диястың Жапониядағы жарыстың финалына жолдама алғанын жазған едік.

Соңғы жаңалықтар