Александр Бублик Турин турнирінің жартылай финалына шықты

АСТАНА. KAZINFORM - Қазақстанның бірінші, әлемнің 76-ракеткасы Александр Бублик Турин (Италия) турнирінің жартылай финалына жолдама алды.

Бублик
Фото: Sports.kz

Қазақстандық теннисші ширек финалда әлемнің 51-ракеткасы, аргентиналық Томас Мартин Этчеверримен тартысты матч өткізді.

Бірінші партияда Бублик 6:2 есебімен басым түссе, екіншісінде Этчеверри есе қайырды - 6:3.

Үшінші, шешуші сет Бубликтің пайдасына шешілді - 7:5.

Екі сағаттан астам уақытқа созылған бәсекеде Бублик 11 эйспен бірге 8 брейк-пойнттың тең жартысын пайдаланды. Этчеверри 9 эйс, 3 брейкпен (7 брейк-пойнт) көзге түсті.

Александр Бублик финалға шығу үшін әлемнің 71-ракеткасы, германиялық Даниэль Альтмайермен таласады.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын 17 жастағы Әмір Омархановтың Италиядағы турнирдің финалында өнер көрсететінін жазған болатынбыз.

 

Соңғы жаңалықтар