Александр Бублик жаңа маусымды Аделаида турнирінен бастайды

АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстанның ерлер арасында бірінші, әлемнің 33-ракеткасы Александр Бублик Аделаида (Аустралия) ATP 250 турнирінде бақ сынайды.

Александр Бублик
Фото: ҚТФ

Бұл қазақстандық теннисшінің жаңа маусымдағы алғашқы жарысы болмақ.

Жаңа жылды өзінің отбасымен қарсы алып, Аустралияға аттанған А.Бублик Аделаидада бастапқы кездесуін әлемнің 54-ракеткасы, сербиялық Миомир Кецмановичпен өткізеді.
Бұл доданың жүлде қоры — 766 290 доллар.

Жүлде қоры 1 млн доллардан асатын әйелдер арасында Аделаида WTA 500 турниріне Қазақстанның екінші, әлемнің 29-ракеткасы Юлия Путинцева қатысады. Оның алғашқы қарсыласы — әлемнің 19-ракеткасы, Париж Олимпиадасының күміс жүлдегері, хорватиялық Донна Векич.

Екі жарыс та 6-11 қаңтар аралығында өтеді.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Қазақстан құрамасының United Cup турнирінің финалынан тыс қалғанын жазған болатынбыз.

Соңғы жаңалықтар