Александр Бублик жекелей сында Дубай турнирінің екінші айналымына өтті
АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстанның бірінші, әлемнің 10-ракеткасы Александр Бублик жекелей сында Дубай АТР 500 турнирін жеңіспен бастады.
Жарыстың 2-ракеткасы болып тіркелген қазақстандық теннисші бастапқы кездесуін әлемдік рейтингіде 80-орында тұрған германиялық Ян-Леннард Штруфпен өткізді.
Германиялық спортшы А.Бублик үшін қолайсыз қарсылас болып есептеледі. Осыған дейін екеуі өзара бес рет кездессе, соның үшеуінде тәжірибелі Штруфф ұтқан.
Дегенмен бір ай бұрын Александр Роттердам (Нидерланд) ATP 500 жарысында 7:6 (7:2), 4:6, 6:3 есебімен жеңген еді.
Бұл жолы Бублик матчты екі сетте тындыра алды — 6:3, 6:4.
Бір сағаттан сәл астам уақытқа созылған бәсекеде Бублик 12 эйс жасап, 3 брейк-пойнттан шашау шығарған жоқ. Штруфф 9 эйспен шектелді.
Александр Бублик екінші айналымда әлемнің 25-ракеткасы, нидерландылық Таллон Грикспур немесе рейтингіде 131-сатыдағы финляндиялық Отто Виртаненнің қай жеңгенімен кездеседі.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Александр Бубликтің жұптық сында Дубай турнирінің ширек финалына шыққанын жазған едік