Александр Лукашенко ШЫҰ-ның ұжымдық қаржы институтын құруды ұсынды
АСТАНА. KAZINFORM — Беларусь басым мәселе ретінде ұлттық валютадағы екіжақты төлем механизмін құруды қарастырады. Бұл туралы елордадағы Тәуелсіздік сарайында Шанхай ынтымақтастық ұйымы саммиті аясында өтіп жатқан «ШЫҰ+» кездесуінде Беларусь Президенті Александр Лукашенко айтты.

«Еуразия құрлығындағы түрлі интеграциялық үдерістерге көбірек көңіл бөлу қажет. Өткенде қазір дүние абдырап, тас қараңғыда қалғандай күй кешкенін айтқан болатынмын. Бас хатшының сөзі ғаламшарымыздың қатерлі даму келешегіндегі дау-дамай мен қауіпті растайды. Адамдар қандай да бір бағдар мен айқындықты күтеді. ШЫҰ мұны істей алады. Бірақ, мұны тез жасау керек. Өйткені уақыт тығыз. Қазір екінші дүниежүзілік және қырғи-қабақ соғыстан кейінгі жағдай сияқты емес. Уақыт жылдам әрекетті талап етеді, оны тез жасағанымыз дұрыс», — деді Александр Лукашенко.
Оның атап өтуінше, посткеңестік кеңістікте одақтас мемлекеттер, Еуразия экономикалық одағы, ҰҚШҰ, ТМД аясында белсенді интеграция жүріп жатыр. Өзге де еуразиялық бірлестіктер — АСЕАН, Ислам ынтымақтастығы ұйымы, Ислам мемлекеттері лигасы қарқын алып келеді.
Инфрақұрылым жобаларына байланысты маңызды бастамалар жүзеге асып жатыр. Олардың қатарында Қытайдың «Бір белдеу, бір жол», Ресейдің Солтүстік бағыт жобалары бар.
«ШЫҰ-ның жан-жақты күн тәртібінің практикалық өзара іс-қимылын күшейту керек. Қаржыдан бастауды ұсынамын. Беларусь басым мәселе ретінде ұлттық валютадағы екіжақты төлемдер механизмін және ШЫҰ-ның ұжымдық қаржы институтын құруды қарастырады. Бәріміз алыппыз, ұлымыз дейміз. Иә, біз шынымен де ұлымыз. Біздің халқымыздыңм үлесі - шамамен 40 пайыз, жалпы ішкі өнімнің үштен бірі бізде. Ал доллардың алдында бәріміздің тіземіз дірілдейді. Осы долларға барынша азырақ тәуелді болу үшін белгілі бір қадам жасайық», — деді Беларусь Президенті.