Александр Недовесов АҚШ-тағы турнирдің ширек финалына шықты

АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстанның жұптық сындағы бірінші, әлемнің 56-ракеткасы Александр Недовесов Уинстон-Сейлем (АҚШ) ATP 250 турнирінің ширек финалына жолдама алды. 

Александр Недовесов
Фото: ҚТФ

Қазақстандық теннисші эквадорлық Гонсало Эскобармен бірге алғашқы айналымда күтпеген жерден жарыстың 2-ракеткалары, нидерландтық Уэс Колхоф – хорватиялық Никола Мектичті жеңіп кетті.

Тартысты өткен кездесу 7:6 (7:1), 6:7 (4:7), 11:9 есебімен Недовесов – Эскобардың пайдасына аяқталды. Екі сағатқа жуық уақытқа созылған бәсеке барысында қазақстандық-эквадорлық жұп 3 эйс жасап, 4 брейк-пойнттың біреуін ғана пайдаланды. Нидерландтық-хорватиялық дуэт 4 эйс, 1 брейкпен (6 брейк-пойнт) шектелді.

Александр Недовесов – Гонсало Эскобар жартылай финалға шығу үшін ұлыбританиялық Лука Пау – үндістандық Дхакшинесвар Сурешпен таласады.

Қазақстандықтар Михаил Кукушкин мен Дмитрий Попко US Open іріктеу турнирінің алғашқы сатысында жеңіліп қалды. Кукушкин үш сағатқа созылған матчта аргентиналық Марко Трунгеллитиге есе жіберді – 6:1, 4:6, 6:7 (6:10). Ал, Попко тағы бір аргентиналық Тьяго Агустин Тирантеге жол берді – 6:3, 1:6, 2:6.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын US Open іріктеу турнирінде Денис Евсеевтің қарсыласын ойсырата жеңгенін жазған болатынбыз.

Соңғы жаңалықтар