Александр Недовесов Астана турнирінің ширек финалына шықты

Қазақстанның жұптық сындағы бірінші ракеткасы Александр Недовесов Астана ATP 250 турнирінің ширек финалына шықты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Теннис
Фото - Қазақстан теннис федерациясынан

Қазақстандық теннисші эквадорлық Гонсало Эскобармен бірге бастапқы кездесуін аргентиналық Себастьян Баэс - испаниялық Бернабе Сапата Миральеспен өткізді.

Қазақстандық-эквадорлық жұп 6:3, 6:2 есебімен жеңіске жетті.

Александр Недовесов пен Гонсало Эскобардың ширек финалдағы қарсыластары кейін анықталады.

А.Недовесов ойыннан кейін сұхбатында Дэвис кубогінің плей-офф кезеңінде Болгариямен өткен матчтан соң Қытайдағы бірнеше жарысқа қатыспағанын айтты.

"Мен Астана жарысына дұрыстап дайындалуды жөн көрдім. Мұндағы корттарды жақсы білемін, сондықтан тез бейімделдім. Мен әрдайым жоғары мақсат қоямын. Оның үстіне өз еліңде ойнау - үлкен жауапкершілік. Биыл мұнда мықты теннисшілер жиналған. Хорватиялық Мате Павич мен ұлыбританиялық Джейми Маррейді ерекше атауға болады. Павич биыл жұптық сында және миксте алты, ал Маррей жеті рет чемпион атанған. Осындай бәсекелестік болған соң барыңды салуға тура келеді", деді қазақстандық теннисші.

Соңғы жаңалықтар