Александр Недовесов Аустралиядағы жарыстың жартылай финалына өтті
Қазақстанның жұптық сындағы бірінші, әлемнің 46-ракеткасы Александр Недовесов Аделаиде (Аустралия) ATP 250 турнирінің жартылай финалына шықты, деп хабарлайды Kazinform.
Қазақстандық теннисші эквадорлық Гонсало Эскобармен бірге ширек финалда германиялықтар Константин Францен – Хендрик Йебенс жұбымен шеберлік байқасты.
Бірінші партияны қазақстандық-эквадорлық дуэт 6:3 есебімен тәмамдады. Екінші сетте де дәл осы есеп (6:3) тіркелді.
Бір сағат 13 минутқа созылған бәсеке барысында А.Недовесов – Г.Эскобар жұбы 5 брейк-пойнттың үшеуін пайдасына жарата алды. Қарсылас дуэт 7 эйспен көзге түсті.
Енді олар финалға шығу үшін жарыстың 2-ракеткалары, үндістандық Рохан Бопанна – аустралиялық Мэттью Эбденмен күш сынасады.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Дмитрий Попконың Буэнос-Айрес турнирінің ширек финалына жолдама алғанын жазған болатынбыз. Сондай-ақ Елена Рыбакинаның Аустралия ашық чемпионатындағы алғашқы қарсыласы анықталды.