Дмитрий Попко Буэнос-Айрес турнирінің ширек финалына жолдама алды
Әлемнің 417-ракеткасы Дмитрий Попко Буэнос-Айрес (Аргентина) челленджер жарысының ширек финалына жолдама алды, деп хабарлайды Kazinform.
Қазақстандық теннисші екінші айналымда әлемнің 327-ракеткасы, германиялық Тимо Штоддердің меселін қайырды.
Бірінші партияда тай-брейкте Попко сәттірек ойнады — 7:6 (9:7).
Екінші сетте ол алдымен 3:1 есебімен алға кетті. Штоддер таразы басын теңестіргенімен, қайтадан басымдыққа ие болды — 5:3.
Ақыры матчқа доп бергенде, есесін жібермеді — 6:4.
Екі сағаттан сәл астам уақытқа созылған бәсеке барысында Д. Попко 4 эйспен бірге 4 брейкке (7 брейк-пойнт) қол жеткізді.
Т.Штоддер 6 брейк-пойнттың тең жартысын өз есебіне жазды.
Дмитрий Попко жартылай финалға шығу үшін әлемнің 268-ракеткасы, америкалық Тристан Бойермен таласады.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Елена Рыбакинаның тағы бір ірі жарысты сәтті бастағанын жазған болатынбыз.
Сондай-ақ Юлия Путинцева Хобарт турнирінің ширек финалына шықты.
Анна Данилина Хобарт жарысының жартылай финалына өтті.