Александр Недовесов Хорватиядағы жарыстың жартылай финалына шыға алмады

Қазақстандық теннисші эквадорлық Гонсало Эскобармен бірге ширек финалда словениялық Блаж Рола – хорватиялық Нино Сердарушичпен шеберлік байқасты.
Бірінші партияда словениялық-хорватиялық жұп 6:2 есебімен басым түссе, екіншісінде А.Недовесов пен Г.Эскобар есе қайырды – 6:3. Супер тай-брейкте жеңіс словениялық-хорватиялық дуэттің еншісінде кетті – 10:8.
Тағы бір қазақстандық, рейтингте 270-орында тұрған 22 жастағы Бейбіт Жұқаев Салинастағы (Эквадор) челленджер додасында әлемнің 222-ракеткасы, франциялық Джованни Мпеши-Перрикармен үш сағаттан астам уақытқа созылған ширек финалдық кездесуін өткізді. Мұнда франциялық теннисші 7:6 (11:9), 6:7 (6:8), 6:4 есебімен ұтып кетті.
Осылайша, Бейбіт Жұқаев та жартылай финалдан тыс қалды.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Анна Данилинаның Гамбург турнирінің финалына шыққанын жазған болатынбыз.