Александр Недовесов Португалияда ATP 250 турнирінің чемпионы атанды
АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстанның жұптық сындағы бірінші, әлемнің 44-ракеткасы Александр Недовесов Эшторил (Португалия) ATP 250 турнирінде топ жарды.

Недовесов эквадорлық Гонсало Эскобармен бірге жарыстың 4-ракеткалары болып тіркелген еді.
Қазақстандық-эквадорлық дуэт финалда доданың 2-ракеткалары, франциялықтар Садио Думбия – Фабьен Ребулмен чемпиондық атақты сарапқа салды.
Бірінші партияда Недовесов – Эскобар екі рет брейк жасап, алға шыққанымен, қарсыластары таразы басын теңестіріп отырды. Дегенмен есеп 5:5 болған мезетте тағы бір брейкке қол жеткізген Александр мен Гонсало өз геймін де ала білді – 7:5.
Екінші сетте олар 5:1 есебімен алға кетті. Содан кейін матчқа доп бергенде, өз мүмкіндіктерін жіберген жоқ – 6:2.
Бір сағат 40 минутқа созылған матчта А.Недовесов – Г.Эскобар 1 эйспен бірге 17 брейк-пойнттың бесеуін пайдаланды. Франциялық дуэт 1 эйс, 2 брейктен (13 брейк-пойнт) аса алмады.
Осылайша, 30 наурызда Испаниядағы Жирона челленджер додасында үздік шыққан Александр Недовесов пен Гонсало Эскобар енді одан бәсі жоғары жарыста жеңімпаз атанып отыр.
Қазақстандық теннисші осы табысы арқасында дүйсенбіде жаңартылатын әлемдік рейтингіде 39-орынға көтеріледі. Бұл оның рекордтық көрсеткіші болмақ.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Недовесовтің Португалияда жарыстың 1-ракеткасын жеңіп, финалға шыққанын жазған болатынбыз.