Александр Недовесов Швециядағы турнирдің ширек финалына өтті
Қазақстандық теннисші эквадорлық Гонсало Эскобармен бірге бастапқы кездесуін корт иелері Лео Борг – Симон Фройндпен өткізді.
Бірінші партияда қазақстандық-эквадорлық дуэттің басымдылығы анық байқалды – 6:1.
Тартыстылау өрбіген екінші сетте есеп 5:3 болған мезетте жаңбырға байланысты матч тоқтатылып, кейін қайта жалғасты. Недовесов пен Эскобар 6:4 есебімен жеңіске жетті. Олар бір сағаттан астам уақытқа созылған бәсеке барысында 7 брейк-пойнттың үшеуін пайдаланды.
А.Недовесов – Г.Эскобар жүлде қоры 630,7 мың еуроға бағаланған жарыстың жартылай финалына шығу үшін доданың 2-ракеткалары, бельгиялықтар Йоран Флиген – Сандер Жилле немесе сербиялықтар Никола Качич – Душан Лайович жұптарының қай жеңгенімен таласады.
Бастадта жекелей сында қазақстандық, әлемнің 134-ракеткасы Тимофей Скатов іріктеу сайыстарынан өте алмады. Ол әуелі отандасы Денис Евсеевті 6:1, 6:3 есебімен жолдан тайдырды. Бірақ содан соң боливиялық Уго Дельенге есе жіберді – 5:7, 6:3, 3:6.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Жібек Құламбаеваның әлемдік рейтингте жоғары көтерілгенін жазған болатынбыз.
Сондай-ақ қазақстандық теннисшілер әлемдік рейтингтегі көрсеткіштерін жақсартты.
Астанада Президент кубогі үшін теннистен халықаралық турнир өтеді.