Александр Шевченко АҚШ-тағы жарыстың жартылай финалына жолдама алды
АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстанның екінші, әлемнің 102-ракеткасы Александр Шевченко Самтер (АҚШ) челленджер турнирінің жартылай финалына шықты.

Қазақстандық теннисші ширек финалда әлемнің 112-ракеткасы, грузиялық Николоз Басилашвилимен бетпе-бет келді.
Бірінші партияда грузиялық теннисшінің шеберлігі басым екені байқалды – 6:3. Екінші сетте тай-брейкте Шевченко табандылық танытты – 7:6 (7:3).
Үшінші, шешуші партияда есеп 4:1 болған кезде Басилашвили матчты жалғастырудан бас тартты.
Екі сағатқа созылған бәсекеде Шевченко 6 эйспен бірге 8 брейк-пойнттың бесеуін құр жібермеді. Грузиялық спортшы 6 эйс, 4 брейктен (7 брейк-пойнт) аса алмады.
Шевченко финалға шығу үшін әлемнің 120-ракеткасы, жапониялық Шинтаро Мочизукимен таласады. Ол ширек финалда рейтингіде 96-орындағы аустриялық Филип Мисоличті қапы қалдырды - 6:4, 4:6, 6:4.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Цинциннати турнирінде Елена Рыбакинаның әлемнің 1-ракеткасын жеңгенін жазған едік.
Сондай-ақ Тимофей Скатов Италиядағы турнирдің финалында ойнайды.