Александр Шевченко Франциядағы жарысты сәтті бастады
АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстанның екінші, әлемнің 85-ракеткасы Александр Шевченко Бордо (Франция) челленджер турнирінің екінші айналымына шықты.
Қазақстандық теннисші алғашқы айналымда ATP рейтингісінде 118-орында тұрған франциялық Юго Гастонмен шеберлік байқасты.
Бірінші партияда Шевченко бет қаратпады – 6:1.
Екіншісінде жергілікті спортшы есе қайырды – 6:3.
Үшінші, шешуші сетте Александр 5:0 есебімен алға кетті. Ақыры матчты жеңіспен түйіндеді – 6:1.
Бір сағат 37 минутқа созылған бәсекеде Шевченко 2 эйспен бірге 9 брейк-пойнттың төртеуін өз есебіне жазды. Гастон 1 брейкпен (5 брейк-пойнт) шектелді.
Александр Шевченко ширек финалға шығу үшін әлемнің 68-ракеткасы, бельгиялық Рафаэль Коллиньон немесе рейтингіде 362-сатыдағы франциялық Жоффрей Бланканоның қай жеңгенімен таласады.
Бұл дода теннисшілер үшін Франция ашық чемпионаты – Ролан Гаррос турнирі қарсаңында дайындық кезеңі іспеттес.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Анна Данилинаның Рим турнирінің ширек финалына жолдама алғанын жазған едік.
Сондай-ақ Жібек Құламбаева жұптық сында Италиядағы турнирдің ширек финалына өтті.
Билли Джин Кинг кубогының іріктеу турнирінде Қазақстан жасөспірімдер құрамасы Гонконгты жеңді.