Александр Шевченко Майами мастерс турнирін сәтті бастады
АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстандық теннисші, әлемнің 98-ракеткасы Александр Шевченко Майами (АҚШ) мастерс турнирінде іріктеу сайыстарының финалына шықты.

Қазақстандық теннисші іріктеудің жартылай финалында дүниежүзілік рейтингіде 166-орында тұрған словакиялық Лукаш Клейнмен бетпе-бет келді.
А.Шевченко қарсыласын 6:3, 7:6 (7:5) есебімен ұтты.
Сағат жарымнан астам уақытқа созылған бәсеке барысында Шевченко 4 эйспен бірге 14 брейк-пойнттың төртеуін пайдаланды. Клейн 3 эйс, 2 брейкпен (5 брейк-пойнт) шектелді.
Александр Шевченко іріктеу сайысының финалында рейтингіде 117-сатыдағы аргентиналық Тьяго Агустин Тирантені жолдан тайдырса, негізгі жарысқа жолдама алады.
Тағы бір қазақстандық, әлемнің 160-ракеткасы Михаил Кукушкин іріктеудің жартылай финалында рейтингіде 89-орындағы аустралиялық Адам Уолтонмен шеберлік байқасады.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Анна Данилинаның әлемдік рейтингіде 16-орынға көтерілгенін жазған болатынбыз.