Александр Шевченко Словакиядағы жарыстың ширек финалына жолдама алды
АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстанның екінші, әлемнің 97-ракеткасы Александр Шевченко Братислава (Словакия) челлендер турнирінің ширек финалына шықты.
Жарыстың 1-ракеткасы болып тіркелген қазақстандық теннисші екінші айналымда рейтингіде 249-орындағы чехиялық, 22 жастағы Гинек Бартонмен шеберлік байқасты.
Бұл олардың өзара алғашқы кездесуі еді.
Матчты чехиялық спортшы сәтті бастады — 6:4. Дегенмен бұдан кейін А.Шевченко таразы басын аударып, камбэк жасай білді — 6:3, 7:5.
Екі сағат 1 минутқа созылған тартысты бәсекеде Шевченко 2 эйспен бірге 6 брейк-пойнттың тең жартысын мүлт жіберген жоқ. Бартон 2 эйс, 2 брейкпен (3 брейк-пойнт) көзге түсті.
Александр Шевченконың ширек финалдағы қарсыласы кейін анықталады.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Анна Данилинаның Лондон турнирінің ширек финалына шыққанын жазған едік.