Анна Данилина Лондон турнирінің ширек финалына шықты
АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстанның жұптық сындағы бірінші, әлемнің 6-ракеткасы Анна Данилина Лондондағы WTA 500 The Queen’s Club Championships турнирін жеңіспен бастады.
Сербиялық Александра Круничпен бірге жарыстың 1-ракеткасы болып тіркелген А.Данилина алғашқы кездесуін америкалық Куинн Глисон – норвегиялық Ульрикке Эйкеримен өткізді.
Қазақстандық-сербиялық дуэт 6:2, 6:4 есебімен жеңіске жетті.
Бір сағат 27 минутқа созылған бәсеке барысында Данилина – Крунич 7 эйспен бірге 7 брейк-пойнттың үшеуін пайдаланды.
Анна Данилина – Александра Крунич жартылай финалға шығу үшін ұлыбританиялық Оливия Николлс – словакиялық Тереза Михаликовамен таласады.
Мұның алдында А.Данилина – А.Крунич Ролан Гаррос турнирінің финалына дейін жеткен болатын.
Лондон додасында жекелей сында Қазақстанның бірінші, әлемнің 2-ракеткасы Елена Рыбакина өнер көрсетеді. Ол екінші айналымда өткен жылғы чемпион, әлемнің 52-ракеткасы, германиялық Татьяна Мариямен кездеседі. Бұл ойын 11 маусымға белгіленген.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Александр Шевченконың Словакиядағы турнирді сәтті бастағанын жазған едік.