Александр Шевченко Словакиядағы турнирді сәтті бастады

АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстанның екінші, әлемнің 97-ракеткасы Александр Шевченко Братислава (Словакия) челленджер турнирінде алғашқы матчын жеңіспен түйіндеді.

Теннисист из Казахстана
Фото: Sports.kz

Қазақстандық теннисші бастапқы айналымда ATP рейтингісінде 263-орындағы румыниялық Филип Кристиан Жиянуға тап келді.

Осыған дейін қарсыластар өзара бір рет кездесіп, онда Шевченконың мерейі үстем болған еді.

Бұл жолы бірінші партияда қазақстандық спортшы 6:4 есебімен басым түсті. Екінші сетте есеп 3:0 болып, Александр алда тұрған мезетте румыниялық теннисші бәсекені жалғастырудан бас тартты.

Александр Шевченко ширек финалға шығу үшін әлемнің 249-ракеткасы, чехиялық Гинек Бартонмен таласады.

Тағы бір қазақстандық, әлемнің 175-ракеткасы Тимофей Скатов алғашқы айналымда рейтингіде 293-сатыдағы жапониялық Таро Дэниелге есе жіберді – 3:6, 3:6.

Братислава додасының жүлде қоры 160 680 долларға бағаланған. Жеңімпаз 100 рейтингілік ұпайға қоса 23 750 доллар табыс табады.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Ролан Гарростан кейін Бублик үшін Штутгарт турнирі сәтті бола ма, соны жазған едік.

Сондай-ақ Соня Жиенбаева Қытайдағы турнирде жарыстың 1-ракеткасын жеңді.

Михаил Кукушкин спорттық мансабын аяқтайтынын мәлімдеді.