17:13, 30 Қараша 2016 | GMT +5
Алексей Нидің орнына кім келеді
АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚР Мәдениет және спорт министрлігіне қарасты денешынықтыру және спорт істері жөніндегі комитеттің төрағасы Елсияр Қанағатовтың айтуынша, келесі аптада ауыр атлетикадан Қазақстан құрамасының бас бапкері тағайындалады, деп xабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

"Алексей Ни өз еркімен арыз жазды. Ол кісі қызметінен кетті. Әзірше, міндетін атқарушы (аға бапкер - авт.) бар. Енді, желтоқсанның 5-і күні барлық үміткерлерді қарап, нақты шешім шығаратын боламыз. Ауыр атлетика федерациясының өкілдері қатысады. Сол жерде бас бапкерді бекітеміз", - деді Е.Қанағатов ҚазАқпарат тілшісіне берген сұxбатында.
"Ал бас бапкерлікке сай адам бар ма?" деген сұраққа комитет басшысы: "Иә, адам бар", - деп қысқа ғана жауап берді.
Айта кетейік, Алексей Ни ауыр атлетикадан Қазақстан құрамасын 1994 жылдан бері жаттықтырып келген. Алайда соңғы допинг дауынан кейін ол өз еркімен кетуге шешім қабылдады.