ӘЛЕМ АПТА ІШІНДЕ: 2014 жылғы Нобель сыйлығының иегерлері ұлықталды
Ағымдағы жылдың 10 желтоқсанында әдеттегідей Альфред Нобельдің өмірден озған күніндеі Стокголь қаласында Швеция королі физика, химия, әдебиет, экономика, физиология және медицина бойынша Нобель сыйлықтарын тапсырды. Ал, бүгінде әлемдегі ең беделді сыйлықтың негізін қалаушының өсиеті бойынша бейбітшілік сыйлығы Норвегияның Осло қаласында жеңімпазға берілген болатын.
Ағымдағы жылы сыйлық иелеріне табысталатын сыйақы мөлшері шамамен миллион долларды құраған болатын. Салтанатты жағдайда өткен шара барысында Швеция королі Карл XVI Густавтың өзі лауреаттарға награданы табыс етті.
Сонымен физика саласындағы Нобель сыйлығы көк жарық диод ойлап тапқан жапондық Нагойи университетінің ғалымдары Исама Акасаки мен Хироси Аманоға және Санта-Барбарадағы Калифорния университінен Судзи Накамураға бұйырды. Бұл жетістікке ғалымдар қажетті галлий нитридінің кристаллдарын өсірудің арқасында қол жеткізген. Көк диодтар 100 мың сағатқа дейін үздіксіз жұмыс істей алады.
Ал химия саласындағы Нобель сыйлығы флуоресцентті микроскоптардың ұлғайту қасиетін жақсартқан үш ғалымға, атап айтқанда американдық Эрик Бетцигке, неміс Штефан Хелльге және тағы бір американдық ғалым Уильям Морнерге табыс етілді. Ғалымдар флуоресцентті жарық шығаратын молекулаларды пайдаланып, микроскоптың ұлғайту қасиетін бірнеше есеге жақсартқан. Соның арқасында жеке молекулалардың бейнесі мен олардың тірі денеде әрекеттесуін көруге мүмкіндік туып отыр. Медицина мен физиология саласындағы Нобель сыйлығы британдық-американдық нейробиолог Джон О'Киф пен оның норвегиялық әріптестері ерлі-зайыпты Эдвард пен Май-Бритт Мосерге бұйырды. Олар адамның кеңістіктегі бағдар алуына жауап беретін ми жасушаларымен жұмыс істеген болатын. Ғалымдар өздерінің ғылыми жаңалығында кеңістікте адамның бағдар алуы үшін миы қалайша "карта сызатынын" көрсеткен. Айта кетерлігі, ерлі-зайыпты Мосерлер Норвегияның Тронхейм қаласындағы ғылым және технология университетінде еңбек етсе, Джон О'Киф Лондондағы Университеттік колледждің ғалымы.
XXI ғасыр басталғалы бері экономика саласындағы Нобель сыйлығы тек америкалықтарға беріліп келген болатын. Ал бұл жолы уақыт өткен сайын адамзат үшін өзектілігі өткірленіп келе жатқан бұл саладағы жүлденің француз экономисі Жан Тирольге берілуін ерекше жайт ретінде атап өтуге болады. Нобель комитетінің назарына профессордың «Нарықтық билік пен салаларды реттеу сараптамасы» атты еңбегі іліккен.
Бұл жылы француздықтар 2 Нобель сыйлығына ие болған еді. Оның екіншісі француз жазушысы Патрик Модианоға бұйырды. Нобель сыйлығы қаламгерге "адамның жұмбақ тағдырларын және басқыншылық кезіндегі адамның өмірлік әлемін ашып берген есте сақтау өнері үшін" табыс етілді.
Ал 2014 жылдың бейбітшілік саласындағы Нобель сыйлығы пәкістандық құқыққорғаушы Малала Юсуфзай мен балалар құқығын қорғаушы үндістандық белсенді Кайлаш Сатьяртиге берілді. Пәкістандық оқушы Малала Юсуфзай қыздардың білім алу құқығын қорғайтын науқанды басқарған болатын. 2012 жылы бұған қарсы болған тәліптер белсендіні басынан атып, ауыр жаралады. Кайлаш Сатьярти - Балалар құлдығына қарсы Оңтүстік Азия коалициясының (South Asian Coalition on Child Sewitude) жетекшісі. Дәл осы күні Монако Князі II Альбердің зайыбы 36 жастағы Шарлен ұл мен қыз баланы дүниеге әкелді. Оларға Жак Оноре Ренье және Габриэла Тереза Мария есімдері берілді.56 жастағы княздің балалары ендігі уақытта тікелей тақ мұрагері болмақ. Ал бұған дейін Монако тағынан ІІ Альбердің қарындасы Каролина үмітті болатын. Айта кетерлігі, Жак қарындасынан екі минутқа кейін дүниеге келгеніне қарамастан ол елдің мұрагер ханзадасы болады. Ал Габриэлла ханшайым Карладез графинясы атанады.
Батыс бұқаралық ақпарат құралдарының таратқан ақпараттарына қарағанда, Шарлен мерзімінен 10 күн бұрын босанған көрінеді. Балалар дүниеге келгеннен кейін әдеттегідей зембірекпен 42 дүркін оқ атылды. Жалпы, бұл елдің көнеден келе жатқан дәстүріне сай мұрагер дүниеге келгенде 21 мәрте оқ атылатын. Алайда, Альбер пен Шарленнің отбасында егіздер дүниеге келгеннен кейін оқ ату шарасы 2 есе артық жасалды.
Естеріңізге сала кетейік, Монако князі өзінің болашақ жары Оңтүстікафрикалық спортшымен 2000 жылдары танысқан еді. Олар 2006 жылы алғаш рет бірге көпшілік алдына шықты. 2011 жылы жұп некелерін қиды.