ӘЛЕМ АПТА ІШІНДЕ: Корей түбегіндегі көктемгі шиеленіс

Бұл жайтқа АҚШ пен Оңтүстік Корея елдері жыл сайын бірлесіп өткізетін ірі ауқымдағы оқу-жаттығулар түрткі болып отыр. 1 наурыздан басталып 30 сәуірге дейін жалғасатын Foal Eagle («Жас бүркіт») және 11-21 наурыз аралығында өткен Key Resolve («Негізгі шешім») оқу-жаттығуларға шамамен 200 мың оңтүстіккорейлік және 11 мың америкалық әскери қызметшілер қатысты. Соғыс маневрлеріне жаттығу барысында Корея Халықтық Демократиялық Республикасы тарабынан басқыншылық әрекеттер орын алған жағдайда Оңтүстік Кореяның қауіпсіздігін нығайту шаралары пысықталады.
Жария етілген жоспарға сәйкес, оған авиация, әскери-теңіз күштері, жаяу, экспедициялық әскерлер, сонымен қатар арнайы мақсаттағы жауынгерлер тартылады. Оқу-жаттығуға америкалық стратегиялық Б-2 бомбалаушы ұшағы мен атом сүңгуірі пайдаланылады.
Пхеньян әдеттегідей бұл оқу-жаттығуларды өз қауіпсіздігіне тікелей қауіп санайды. Дегенмен бұл жылғы әскери жиын ақпанда Солтүстік Кореяның жерасты ядролық сынағын жасауы мен өткен жылдың желтоқсан айында Жер серігін ұшыруы жағдайында өтуде. Әлемдік қоғамдастық Пхеньянның халықаралық уағдаластықты бұзғандығын түбегейлі айыптағаннан кейін Біріккен Ұлттар Ұйымының Қауіпсіздік кеңесі Солтүстік Кореяға қатысты санкцияларды қатаңдату бойынша жаңа қарар қабылдаған болатын.
Пхеньян АҚШ пен Оңтүстік Кореяның жыл сайынғы оқу-жаттығу жиындары басқыншылық жасамау туралы келісім мен Корей түбегін денуклеаризациялау туралы бірлескен мәлімдеменің негіздерін бұзады деп санайды. Осыған орай 8 наурыз күні КХДР бір тараптан одан шығатындығын жария етті.
Онсыз да шатқаяқтап тұрған екі ел арасындағы ахуалды америкалық Б-52 және Б-2 бомбалаушы ұшақтарының КХДР шекарасының маңына ұшып келуі одан әрі ушықтырып жіберді. Дәл осы оқиғадан кейін КХДР көшбасшысы Ким Чен Ын елдің қарулы күштеріне АҚШ-тың Оңтүстік Корея мен Тынық мұхитындағы әскери базаларына соққы жасауға дайындалуға бұйрық берді. Кеше КХДР көшбасшысы әскери қолбасшылармен шұғыл кеңес өткізгеннен кейін қарсылас тарабынан арандатушылық орын ала қалған жағдайда барлық артиллериялық бөлімдер, зымырандар АҚШ-тың құрлықтық бөлігіне, Гуам, Гавай және Оңтүстік Кореядағы базаларына соққы жасауға дайындығының қорытынды жоспарына қол қойды.
Айта кетерлігі, бұған дейін Кореяның орталық телеграф агенттігі КХДР-дің көшбасшысы Ким Чен Ынның қолбасшылығымен шығыс жағалауда ірі ауқымдағы оқу-жаттығу өткізгендігін жария еткен болатын. Соңғы аптада ол оңтүстіктік «қуыршақ» режімге мүмкіндігінше жауап беру үшін жауынгерлер мен офицерлерді үнемі соғысқа дайын болуға шақырып, әскери бөлімдерге өзі басшылық жасауда.
Екі Кореяның әскери оқу-жаттығулар өткізу арқылы бір-біріне қыр көрсету дәстүрлі құбылысқа айналып отыр. Оңтүстіккорейлік тараптың болжамдарына қарағанда, қазіргі уақытта Пхеньян барынша зор ауқымдағы жалпыұлттық әскери оқу-жаттығу жүргізу мәселесін қарастыруда.
Бұған жауап ретінде АҚШ Мемлекеттік департаментінің өкілі Виктория Нуланд Вашингтонның орын алып отырған ахуалға барынша алаңдаушылық танытатындығын, дегенмен АҚШ пен оның одақтастарын қорғауға бар күш-жігерін жұмсайтындығын мәлімдеді. Сонымен қатар АҚ үй баспасөз хатшысының орынбасары Джошуа Эрнест АҚШ Қарулы күштерінде КХДР тарабынан басқыншылық іс-қимыл орын алған жағдайда жауап беруге қажетті барлық мүмкіншіліктің бар екендігін, бірақ та қазіргі уақытта Корей жартыаралында соғыс қимылдарының туындауына еш негіз жоқ екендігін хабарлады.
Айтпақшы, көптеген байқаушылар да солтүстіккорейлік басшылықтың дүрдиіп қарсылық көрсетуіне күдікпен қарауда. Жергілікті газеттерде жария етілген АҚШ-қа зымыранмен соққы беру мүмкіншіліктері стрелкамен көрсетілген карта халықтың рухын көтеру үшін жарияланғандығы, тіпті әскери-теңіз оқу-жаттығуы суретінде бірнеше әскери кеме қосымша бейнеленгендігі аталып өтуде. Жекелеген бағалаулар бойынша АҚШ пен Оңтүстік Кореяның оқу-жаттығулары елдің жаңа көшбасшысы Ким Чен Ынға өз халқы алдында пиар жасауға жақсы мүмкіндік берді.
Дегенмен оңтүстіккорейлік билік еркін тыныстай алар емес. Олардың мәліметтері бойынша КХДР-дың зымыран кешені толық әскери дайындыққа келтірілген әрі кез келген уақытта соққы беруге әзір.
Халықаралық қоғамдастық тараптар арасындағы кішігірім қақтығыстардың орын алмайтындығына үміт артуда. Есте болса, 2010 жылдың наурызында екі ел арасында мұндай оқиға орын алып, Сары теңізде оңтүстіккорейлік «Чхонан» корветі суға батырылған еді. Соның салдарынан 46 теңізші мерт болды.
Бүгін солтүстіккорейлік Орталық телеграфтық агенттігіне КХДР билігі Оңтүстік Кореямен «соғыс жағдайына» түсетіндігін жариялады. «Осы уақыттан бастап корейаралық қарым-қатынастар соғыс жағдайына түседі, және екі Кореяға қатысты барлық мәселелер соғыс уақытындағы заңдар бойынша шешілетін болады», - делінген КХДР үкіметінің барлық мемлекеттік мекемелер мен ведомстволарға жолданған мәлімдемесінде.