ӘЛЕМ АПТА ІШІНДЕ: Малидегі аласапыран гуманитарлық апатқа соқтырды

МӘСКЕУ. 7 сәуір. ҚазАқпарат - Өтіп бара жатқан апта ішінде орын алған халықаралық тыныс-тіршіліктегі өзекті оқиғалардың қатарында жекелеген өңірлердегі жағдайды тұрақсыздандыруға ұмтылумен әрі сепаратистік үрдістің күшеюімен байланысты жайттарды жатқызуға болады.
None
None

Батыс Африкадағы 13 млн. халқы бар Мали мемлекетінде әскери төңкеріс орын алғаннан кейін елдің солтүстігіндегі ахуал айтарлықтай нашарлап кетті. Елдің солтүстігінде басым қоныстанған туарег тайпасы әскерилер билік басына келген жаңа үкіметтің басты жауына айналды, ал екі тараптың бір-біріне қарсы тұруы азаматтық соғыс сипатында өрбуде.

Туарег тайпасы бірнеше ондаған жылдар бойы мемлекеттің саяси өміріне ықпал етуге талпынып келеді. Бірақ та әлі күнге дейін олардың ұмтылысынан еш нәтиже шығар емес. Олардың басым бөлігі Малидің солтүстік-шығысы мен шығысын, Буркина-Фасоның солтүстігін, Нигерияның батысы мен солтүстік-батысын, сонымен қатар Алжирдің оңтүстік-шығысы мен Ливияның оңтүстік-батыс аймағын қосатын «Азавадты (туарег тайпасының тарихи отаны) азат ету ұлттық қозғалысы» ұйымының төңірегіне шоғырланған.

Наурыз айының ішінде туарег тайпасының белсенділігі айтарлықтай өсіп, үкіметтік күштермен арадағы қақтығыстар тұрақты орын ала бастады. Бұл ел өмірінің барлық салаларына өзінің жағымсыз әсерін тигізбей қойған жоқ. Іс жүзінде қазіргі билік туарег тайпасының ереуіліне тоқсауыл қою міндетін орындай алмай отыр. Ал бұл өз кезегінде Амаду Тумани Турені президенттік тағынан төңкеріп, шектес мемлекеттермен арадағы шекараны жапқан, әлі елде коменданттық сағат енгізген әскерилердің күрт наразылығын тудырды.

29 сәуір күні елде кезекті президенттік сайлау өтуі тиіс болатын. Дегенмен 22 наурыз күні орын алған әскерилердің кезекті бүлігінен кейін конституцияның өз күшіне енуі уақытша тоқтатылған еді. Малидегі мемлекеттік төкерісті БҰҰ, Франция, АҚШ және Ресей айыптап отыр. Африкалық одақтағы және Батыс Африка елдерінің экономикалық қоғамдастығындағы мүшелігі тоқтатылды. Сонымен бір мезетте Дүниежүзілік банк пен Еуроодақ тарапынан да экономикалық көмек шектелді. Осыдан кейін әскерилер кезектен тыс сайлаудың қорытындысы бойынша қалыптасқан жаңа үкіметке биліктің берілетіндігін хабарлады.

Туарег тайпасы мен әскери топтың бір-біріне қарсы тұруы салдарынан екі тарап та шектен шығып, лас әдіс-тәсілдерді қолдануға бой алдыра бастады. Қазіргі уақытта туарег тайпасы елдің солтүстігіндегі Азавад өңірінде орналасқан Тимбукту, Гао және Кидаль сынды ірі қалаларға биілігін жүргізіп отыр. Алайда бұл елдің солтүстігіндегі жалпыға ортақ аласапыран толқынының орын алуына әкелді, аталған қалаларда азық-түлік пен дәрі-дәрмек қорлары талан-таражға салынды. Халықаралық гуманитарлық ұйымдардың бағалаулары бойынша Малидің солтүстік бөлігі гумантиралық апаттың алдында тұр.

Малиде билік басына келген әскери топтың көшбасшысы, капитан Амаду Саного 30 наурыз күні туарег тайпасы басып алған елдің солтүстігіндегі ахуал «сын» көтермейтіндігін мәлімдеп, шетелдік мемлекеттерді өзіне әскери көмек беруге шақырды.

Осы сәрсенбі күні Азавадты азат ету ұлттық қозғалысы Малидің солтүстігіндегі әскери операциялардың тоқтатылғандығын жария етіп, өңірдегі елдер мен халықаралық қоғамдастықты Азавад халқының қауіпсіздігіне Мали тарапынан төнген кез келген басқыншылық әрекеттерден қорғауға кепілдік беруге шақырды.

Дегенмен, кеше ғана Малидің солтүстігінде жергілікті туарег тайпасының Азавад өңірінің тәуелсіздігін жария еткендігі мәлім болды. Азавадты азат ету ұлттық қозғалысының өкілі Мусса Аг Аттахер бұл туралы француздық France-24 телеарнасының эфирінде мәлімдеме жасады. Оның атап өтуінше, туарег тайпасы тәуелсіздік жолындағы ең маңызды шайқаста жеңіске қол жеткізе алды. Сонымен қатар ол өзінің тәуелсіздігін жариялаған мемлекет көрші елдермен қазіргі шекараны мойындайтындығын әрі Мали аумағында ғана жаңа мемлекет құрылатындығын уәде етті.

Бірақ халықаралық қоғамдастықтың реакциясы біржақты болды. АҚШ, ЕО елдері және Ресей Азавадты азат ету ұлттық қозғалысының іс-әрекетін айыптап, туарег тайпасы жариялаған мемлекеттік тәуелсіздігін тануға ниетті емес екендіктеріне баса назар аудартты. Бірқатар бұқаралық ақпарат құралдарының жазуынша, Джамахирия құлап, оның көшбасшысы 2011 жылы қаза тапқаннан кейін туарег тайпасы Малиге оралып, жаңа оппозициялық қозғалыстың құрылуына атсалысты. Азавадты азат ету ұлттық қозғалысы Азавадтың барлық халықтарын, атап айтқанда сонгайларды, арабтарды, фульбелерді және туарегтерді азат етуге күш салады. Ал Мали билігі Азавадты азат ету ұлттық қозғалысын Мағриб елдеріндегі «Әл-Кайдамен» байланыста болғаны үшін айыптап отыр.

Соңғы жаңалықтар