ӘЛЕМ АПТА ІШІНДЕ: Табиғи апаттар мен қарулы қақтығыстар жүздеген жанның өмірін қиды

Құлақтандыру жоқ - адам шығыны көп
Өздеріңізге белгілі болып отырғандай, шілденің 6-сынан 7-сіне қараған түнде тосын табиғи апат, яғни су тасқыны Қырым, Геленджик, Новороссийск қалалары мен Краснодар өлкесінің бірқатар елді мекенін басып қалған болатын. Небәрі бір сағаттың ішінде 7 мыңнан астам тұрғын үй суға кетті. Апат автомобиль мен темір жол қозғалысын, су, газ, электрмен жабдықтау жүйесін тоқтатты. Су тасқынынан еңісте орналасқан Қырым ауданы зор зардап шекті. РФ ТЖМ мәліметтеріне сәйкес, су тасқынынан 35 мың адам жапа көрді, Кубанда 171 мың адам қаза тапты. Шамамен 26 500 адам баспанасынан айырылды.
Қазіргі уақытта Қырымда құтқарушылар мен еріктілер қала көшелерін кір-қоқыстан тазалау үстінде. Соңғы ақпараттарға қарағанда, қаланы тазалауға әлі де 3-4 күн қажет. Ал билікке қаланың барлық инфрақұрылымын қалпына келтіру міндеті жүктеліп отыр. Бұл ретте айта кетерлігі, шамамен 1300 баспана қайта қалпына келтіруге жатпайтындығы мәлім.
Алғашқы күндерде су тасқынының шығу төркініне қатысты айтылған түрлі нұсқалар өте көп болды. Тіпті, бұл сұрақтың жауабын федералды және жергілікті билік те біржақты бере алмады. Ал апат орын алған сәттен кейін ғаламтор арқылы таралған ақпараттар тіпті жаға ұстатады. Оларда тасқын су қоймасынан суды әдейі жіберуден кейін орын алды, өлген адамдардың мүрделері жүк көлігімен тасымалдануда, ал халық келесі күні орын алатын бұдан да алапат тасқынға дайындалуы керек, деген сынды хабарлар болды.
Билік өңірдегі жағдайды тұрақтандырып, үрей құшағындағы халықты сабасына түсіре алды. Дегенмен, төніп келе жатқан қауіпті алдын ала халыққа ескертуде кемшіліктер орын алғандығы жасырын емес. Мәселен, Қырым халқының басым бөлігі ешқандай ескерту дабылын естіген емес, ешбір хабарландыру да алған жоқ, тіпті көше бойларында да ешкім керней тартып, дабыл қаққан емес. Қазіргі уақытта тергеу органдары су тасқыны табиғи факторлардан орын алды, бірақ мерт болғандардың санының көп болуы құлақтандырудың тиімді жүйесінің болмауынан деген қорытындыға келіп отыр.
Жұма күні ресейлік бұқаралық ақпарат құралдары Ресей ғылым академиясы География институтының қорытындысын жариялады. Аталған институт мамандарының пайымынша, апаттың орын алуына бірнеше фактор әсер еткен. Ғарыштан түсірілген суреттердің сараптама нәтижесіне орай, су тасқынына екі тәулік бойы 220 мм-лік жаңбырдың жаууы басты фактор болған. Толықтай алғанда, Краснодар өлкесіне бір тәуліктің ішінде 4-5 айлық жауын-шашын нормасы түскен. Ғалымдардың атап өтуінше, алғашқы түскен 65 мм-лік жауын топыраққа сіңген. Екінші жауын легінен жиналған 50 млн. текше метр су толығымен Қырым қаласын басып қалған.
Таудан түскен судың алғашқы толқыны бастапқыда теміржолдың, одан кейін автомобиль жолдарының көпірлеріндегі құлаған ағаш, автомобильдер, шағын қора-жайлар сынды табиғи кедергілерге тірелген. Міне, осы тосқауылдар біршама уақыт судың алдын бөгеген. Алайда, су нөпірі бұл кедергілерді бұзып-жарғаннан кейін топан су сағамен төмен құлдилаған.
Осы демалыс күндері Кубанның бірқатар аудандарында нөсерлетіп жаңбыр жауып, бұршақ түседі деп күтілуде. РФ Төтенше жағдайлар министрлігі тұрғындарға төтенше жағдайлар орын алуы мүмкін екендігін ескертуде.
Сирияны шарпыған өрттің жалыны басылар емес
Бейсенбі күні Сирияның Хама провинциясына қарасты Тремсе елді мекенінде үкіметтік әскер мен оппозиция арасындағы ең ірі қақтығыс орын алып, бір тәулікке жақын уақыттың ішінде шамамен 200 адам мерт болды.
12 шілде күні қас қарая Тремсе ауылына үкіметтік әскер басып кіріп, оппозициямен арада кескілескен ұрыс болды. Қарулы қақтыстардың нәтижесіне 200-ден астам қазаға ұшырады. Бірақ та бір біріне кереғар ақпараттар тасқыны толастар емес. Бір мәліметте қаза тапқандардың барлығы да Сирияның еркін армиясының жауынгерлері делінсе, келесінде бейбіт тұрғындардың, оның ішінде балалардың да өлтірілгендігі айтылады. Жанжалдасушы екі тарапта жаппай шабуыл жасамағандықтарын, тек біреулердің бейіт тұрғындарға бассыздықпен оқ жаудырғандығы үшін қару қолданғандықтарын айтып ақталу үстінде.
Жұма күні БҰҰ Бас хатшысы Пан Ги Мун мен оның Сирия бойынша арнайы елшісі Кофи Аннан Қауіпсіздік кеңесін егерде ұрыстар жалғасып, бейбіт тұрғындар қаза ұшырай беретін болса, онда Дамаскіге қарсы қатаң шара қабылдауға шақырды. Оларға АҚШ-тың Мемлекеттік хатшысы Хиллари Клинтон қосылып, БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің барлық мүшелерін Сирия президенті Башар Асад режіміне барынша қысым көрсету үшін бірігуге үндеді.
Өз кезегінде Мәскеу оқиғаның шығу төркініне тергеу жүргізіп, тараптарды тезарада қантөгісті тоқтатуға шақыру қажет деп санайды. Айта кетерлігі, бұл қақтығыстың Сирия еліндегі БҰҰ миссиясының мандаты аяқталғаннан кейін, яғни 21 шілдеден соң өтетін БҰҰ Қауіпсіздік кеңесі отырысындағы тартысты пікірсайыстың бірі болатындығы сөзсіз.