ӘЛЕМ АПТА ІШІНДЕ: Ұлыбритания ЕО құрамында қала ма?

АСТАНА. ҚазАқпарат - Осы апта Ұлыбританияның Еуропалық одақ құрамында қалу, қалмауына қатысты одан арғы тағдыры шешілді десек те болады. Өйткені, осы бейсенбіде бастау алған Еуропалық одақ саммитінің басты тақырыбы дәл осы мәселеге арналған-ды. Айта кетерлігі, Еуропалық көшбасшылардың бұл жолғы саммиті өтіп жатқан кезде түрік астанасы Анкарада лаңкестік орын алды. Жарылыс Түрік Республикасы қорғаныс министрлігінің бас штабы мен парламент ғимаратына жақын жерде жүзеге асырылды. Мина салынған автокөлік оған әскери қызметшілер отырған автоколонна жақындай берген кезде жарып жіберілген.
None
None

Ұлыбритания ЕО құрамында қала ма?

Бейсенбі күні Брюссельде Еуропалық кеңестің басшысы Дональд Тусктің төрағалығымен Еуроодақтың мемлекет және үкімет басшыларының екікүндік кездесуі өтті. Онда негізгі мәселе ретінде Ұлыбританияның Еуропалық одаққа мүшелігі жан-жақты талқыға түсті.

Айта кетерлігі, ағымдағы жылы Біріккен корольдікте Еуропалық одақ құрамынан шығу мүмкіншілігіне орай референдум өтуі тиіс болатын. Бұл билік басындағы Консервативтік партияның басшысы Дэвид Кэмеронның саяси міндеттемесі еді.

Өткен жылдың қарашасында британдық премьер-министр Еуропалық кеңес президентіне Еуропалық одақты реформалау туралы талаппен хат жөнелткен еді. Егер ЕО Лондон шарттарына келіспейтін болса, онда Д.Кэмерон өз елін одақ құрамынан шығарып алатындығын ескерткен-ді.

Д.Кэмерон Брюссельге Біріккен Корольдіктің ЕО-дағы мүшелігін жалғастыру үшін төрт негізгі мәселені талап еткен болатын. Олар мыналар: Британияның «барынша тығыз одақтастық» мақсатынан бас тартуына, ЕО-ның одан арғы саяси және экономикалық интеграциясына қатыспауына мүмкіндік беру; Еуропалық одақ заңдарына тосқауыл қою үшін ұлттық парламенттердің өкілеттіктерін кеңейту, сол арқылы елдерге Брюссель директиваларына вето қою құқығын беру; бірыңғай нарықты одан әрі тереңдетуді көздейтін бәсекеге қабілеттілікті арттыру, төрешілдіктен бас тарту және басқа да әлемдік экономикалармен еркін сауда туралы келісім жасасу; ЕО елдерінен келетін мигранттарға олар келгеннен кейінгі алғашқы төрт жылдың ішінде өтемақы төлеуді доғару.

«Соңғы сағаттардағы консультацияларымнан кейін мен ашық мәлімдеуге тиіспін. Біздер келісімге келетіндігімізге әлі де болса ешқандай кепіл жоқ. Біздің көзқарастарымыз бірқатар саяси мәселеде өзгеше. Мен мұны еңсеру өте қиын болтынын жақсы түсінемін. Мен барлығын да сындарлы болып қалуға шақырамын», - делінген Д.Тусктің ЕО басшылары саммиті қарсаңында жолдаған хатында.

Өз кезегінде Еурокомиссия президенті Жан-Клод Юнкер Ұлыбританияның ЕО құрамында қала беретіндігіне сенім білдірді.

«Біздердің осынау Еуропалық кеңесте ымыраға келетіндігімізге сенімдімін. Иә, біздерде бірқатар проблема бар. Бірақ, мен Ұлыбританияның Еуропалық одақтың белсенді мүшесі болып қалатындығына сенімдімін», - деді Юнкер.

Ұлыбританиямен қарым-қатынас мәселесін мемлекет және үкімет басшылары бейсенбі күнгі алғашқы жұмыс отырысында талқылауды бастаған еді. Дегенмен, қатысушылардың сегіз сағатқа созылған талқылауы барысында Ұлыбританияның қоғамдастықтағы мүшелігіне қатысты ортақ келісімге келе алды деу қиын.

Шамамен түнгі сағат 2-де бсталған саммиттің бірінші күніне арналған қорытынды баспасөз мәслихаты барысында Еуропалық кеңес басшысы тараптардың «нақты бір ілгерілеушілікке қол жеткізгенімен әлі де болса атқарар істің көп екендігін» баса айтты.

Осыдан кейін Жан-Клод Юнкер мен Дональд Туск түні бойы Ұлыбритания Премьер-Министрімен, Франция Президентімен, Бельгия Премьер-Министрімен, сонымен қатар чех үкіметінің басшысымен екіжақты консультациялар өткізді.

Британия мәселесіне қатысты консультациялдар келесі түні таңертең қайтатадан бейформалды кеңес түрінде жалғасты. Бұл ретте мемлекет және үкімет басшыларының қатарына Еуропарламенттің президенті Мартин Шульцтің қосылғанын атап өткен жөн.

Сол күні түн ауа тараптар тарихи келісімге қол жеткізді. Еуропалық одаққа мүше елдер мен Ұлыбритания бірауыздан ЕО-ға корольдіктің жаңа шарттағы мүшелігі туралы уағдаластықты мақұлдады.

Д.Кэмерон ЕО-дағы Біріккен корольдіктің арнайы мәртебесіне қол жеткізгендігін мәлімдеді. «Мен Ұлыбританияға ЕО-да арнайы мәртебе беретін келісімге уағдаластым. Ертең министрлер кабинетін жинаймын», - деп жазды ол Твиттердегі парақшасына.

Оның атап өтуінше, қол жеткізілген келісім британ халқын ЕО құрамында қала беруге үгіттеуге негіз бола алады. «Бұл Ұлыбританияны ЕО құрамында қала беруге ұсынуға жеткілікті», - деді ол күрделі келіссөздер қорытындысына арналған баспасөз мәслихатында.

Анкарадағы дүрбелең

Сәрсенбі күні кешкісін Анкарадағы Түрік Республикасы қорғаныс министрлігінің бас штабы мен парламент ғимаратына жақын жерде лаңкестік әрекет орын алды. Мина салынған автокөлік оған әскери қызметшілер отырған автоколонна жақындай берген кезде жарып жіберілген.

Жарылыстан кейін күшті өрт орын алып, оқиға орнына өрт сөндірушілер мен жедел жәрдем қызметтері жедел жетті. Ал полиция қызметкерлері оқиға орнын қоршауға алып, шұғыл тергеу амалдарын бастап кетті.

Лаңкестік әрекет ел президентіне жеткеннен кейін Тайип Ердоған Әзербайжанға жоспарланған сапарын кейінге қалдырса, Премьер-Министр Ахмет Дәуітоғлы Брюссельге сапарынан бас тартты.

Түрік мемлекетінің басшысы қаза тапқандардың отбасы мен туған-туыстарына көңіл айтып, ел аумағындағы және шетелдегі лаңкестікпен күресті жалғастыруға дайын екендігін мәлімдеді.

«Мен қаза тапқандардың туған-туыстарына және барша ұлтқа қайғыларына ортақтасып көңіл айтамын. Осы лаңкестік кезінде зардап шеккен Түркия қару күштерінің жеке құрамының және біздің азаматтарымыздың тез арада сауығуына тілектеспін», - делінген ел президентінің жазбаша мәлімдемесінде.

Ресми деректерге сәйкес, лаңкестік әрекет салдарынан 28 адам, оынң ішінде 27 әскери қызметші қаза тапты. Сонымен қатар 61 адам түрлі дене жарақат алса, соның 7-еуінің жағдайы ашар.

Келесі күні жанкешті-лаңкестің есімі белгілі болды. Ол 1992 жылы Сирияда дүниеге келген Салих Неджар екендігі анықталды. Лаңкес оқиға орнына жалға алынған көлікпен келіп, жарылғыш затты іске қосқан.

Лаңкестің кім екендігі жарылыс орын алған жерден табылған мүрденің саусақ ізінен нақтыланды. Оның саусақ ізі полицияның мәліметтер қорында бар болып шықты. Айта кетерлігі, полция көлікті лаңкестің серіктесі де болғанын жоққа шығармайды. Түркия премьер-министрі Ахмет Дәуітоғлы лаңкестік жауапкершілігін «Күрдістан еркіндік сұңқарлары» содырларының мойнына артып отыр.

Өз зезегінде Түркия Президенті лаңкестікке қатысы бар 14 адамның ұсталғанын, олардың қатары алдағы уақытта толыға түсуі де мүмкін екендігін мәлімдеді. «Аталған іс бойынша 14 адам тұтқындалды. Мен бұл санның еселене түсетіндігін күтемін. Өйткені, бұл шабуылдың бір ұшы елімізбен қатар шет елден де шығып отыр», - деді Т.Эрдоған.

Айта кетерлігі, абырой болғанда қаза тапқандардың арасында Қазақстан азаматтары жоқ.

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Түрік Республикасының Президенті Режеп Тайип Ердоғанға Анкара қаласында болған террорлық актіге байланысты көңіл айту жеделхатын жолдады. Жеделхатта көптеген жазықсыз адамдардың қаза болуына, жарақаттануына әкеп соқтырған жантүршігерлік оқиға туралы суыт хабардың қазақстандықтарды бей-жай қалдырмағаны айтылған. Нұрсұлтан Назарбаев бауырлас елдеріміз үшін мұның ортақ қайғы екенін атап өтті. Осыған байланысты Мемлекет басшысы болған оқиғаға алаңдаушылығын білдіріп, барша қазақстандықтар атынан түрік халқына қолдау сөзін жеткізуді өтінді.

«Қазақстан терроризмнің кез келген түрін, оның күрес тәсілдері мен жолдарын қатаң айыптайды. Қандай мақсатта болса да, жазықсыз қан төгуді еш ақтауға болмайды. Заманауи сын-қатерлер өршіп тұрған аумалы-төкпелі кезеңде біз Түркиямен бірге халықаралық қауіпсіздік пен тұрақтылықты қамтамасыз ету үшін күш жұмылдыруға дайынбыз», - делінген жеделхатта. Мемлекет басшысы жеке өзінің және Қазақстан халқының атынан Р.Ердоғанға, қаза болғандар мен зардап шеккендердің туған-туыстары мен барлық түрік ағайындарға көңіл айтты. Сондай-ақ Нұрсұлтан Назарбаев жарақат алғандардың тезірек сауығып, отбасыларына оралуына тілектестік білдірді.

Соңғы жаңалықтар