ӘЛЕМ АПТА ІШІНДЕ: Ұлыбританияның Еуроодақтан ат құйрығын үзгені ме?

АСТАНА. ҚазАқпарат - Бейсенбі күні Ұлыбританияда елдің Еуроодақтан шығуына қатысты референдум өтті. Британдықтардың басым бөлігі елдің ЕО-дан шығуын жақтады. Осы жаңалықтардың аясында фунт стерлинг курсы құлдырап, ағылшын Премьер-Министрі Дэвид Кэмерон өзінің отставкаға кетуге ниетті екендігін мәлімдеді. Ал дәл осы аралықта Үндістанда жай түсіп бірнеше ондаған адам өлсе, қуатты дауыл Қытайдың Цзянсу өлкесін ойрандады.
None
None

«Брексит»

Жұма күні таңертең Ұлыбританияның Еуроодақтан шығуын жақтайтындар референдумда жеңіске жеткені белгілі болды. Дауыс беру құқығы бар 46,5 млн британдыққа азаматтық борышын орындауға және Лондон мен Брюссель арасындағы алдағы қатынастары туралы пікірін білдіруге 15 сағат берілді. Сайлаушылар сайлау тарихындағы рекордтық санды көрсетті. Англияда ең көп - 38,96 млн адам тіркелді. Одан кейін Шотландия - 3,99 млн, Уэльс - 2,27 млн, Солтүстік Ирландия - 1,26 млн және Гибралтар - 24 мың адам Референдум дауыстарын санаудың нәтижесінде елдің ЕО-дан ат құйрығын үзгенін қалап 17 млн. 410 мың 742 адам (51,89 пайыз), ал оларға қарсы 16 млн. 141 мың 241 адам дауыс берді.

Нәтижесінде фунт стерлинг құны күрт құлдырап, жұма күні таңертең американдық долларға қатысты 10 пайызға дейін арзандады. Бұған қоса, S&P рейтингтік агенттігі Ұлыбританияның Еуропалық одақтан шығуына байланысты орын алатын саяси, қаржылық және экономикалық қауіп-қатерлер жақын арада елдің несиелік рейтингін төмендетеді деп болжайтындығын білдірді. Financial Times газеті тілге тиек еткен мұндай пікірді S&P халықаралық рейтингтік агенттігінің егемен рейтингтер қызметінің бастығы Мориц Кремер білдірген. «Біздің ойымызша, мұндай жағдайда ААА-рейтингі дәрменсіз», - деді Кремер.

Ұлыбританияның Премьер-министрі Дэвид Кэмерон референдумның қорытындысына байланысты өзінің отставкаға кететіндігі жайлы хабарлады. Бұл жайында саясаткер жұма күні өткен баспасөз конференциясында айтты. «Мен премьер-министр ретінде жақын айларда кеменің хал-ахуалын жақсарту үшін қолымнан келгеннің барлығын жасадым, бірақ, менің ары қарай осы кеменің капитаны ретінде қалуымның жөнін көріп отырған жоқпын», - деді Кэмерон.

Оның айтуынша елдің жаңа премьер-министрі қазан айында өтетін Консерваторлар партиясының конференциясына дейін тағайындалу керек.

«Бүгінгі таңда нақты құрылған кестенің қажеттілігі шамалы, бірақ біз қазан айында өтетін Консервативтік партияның конференциясына дейін жаңа премьер-министрді тағайындауымыз қажет», - деп атап көрсетті британдық премьер-министр.

Дегенмен, Дэвид Кэмерон Ұлыбританияның Еуропалық одақ құрамында мықтырақ, қауіпсіз және жақсырақ болатындығына сенімін білдірді. 

«Мен Англияның Еуропалық одақ құрамында мықтырақ, қауіпсіз әрі жақсырақ болатындығына кәміл сенімді болдым... Алайда, британдықтар басқа жолмен жүруді ұйғарды, сол себепті оларға осы жаңа жолмен жүргізетін жаңа басшы қажет», - деді Кэмерон.

Германияның Сыртқы істер министрі Франк-Вальтер Штайнмайер мен осы елдің вице-канцлері Зигмар Габриэль Ұлыбританиядағы референдумның қорытындысына көңілдері толмайтындықтарын ашық айтты. «Таңа ата Ұлыбританиядан жеткен жаңалық шынымен де естен тандырды. Бұл Еуропа мен Біріккен Корольдік үшін ең қайғылы күн сияқты», - деп жазды Штайнмайер ҚФР СІМ-нің шағын блогында.

Ал Еуропалық кеңестің президенті Ұлыбританияның ЕО-дан шығуы мәселесін 28-29  маусымда Брюссельде өтетін саммит алаңында ұйымға мүше 27 елдің көшбасшылары талқылауы қажеттігін айтты. «Барлық саяси салдарды болжаудың ешқандай тәсілі жоқ. Әсіресе бұл Ұлыбританияға қатысты болып тұр. Дегенмен, бұл даурығатындай сәт емес. Мен барлығын да біздің бұл негативті сценарийге дайын екендімізге  сендіргім келеді», - деді Тук.

Британдықтардың мұндай шешіміне қолдау білдіріп жатқан өзге де еуропалықтардың бар екендігі де белгілі. Мәселен, Француздың «Ұлттық майдан» әсіре оңшыл партиясының көшбасшысы Марин Ле Пен  халықтың басым бөлігі елдің Еуропалық одақтан шығуына дауыс берген Ұлыбританиядағы референдумның нәтижесін құптады және осындай референдумды Францияда және ЕО-ның басқа елдерінде де өткізуге шақырды. Бұл туралы саясаткер өзінің Twitter-дегі микроблогында: «Еркіндік жеңісі! Жылдар бойы қалағаным да осы. Енді осындай референдум Франция мен ЕО елдерінде өтсе деймін», - деп жазды.

Үндістанда жай түсіп, талай адам жайрады

Маусым айы басталысымен Үндістанда жаңбыр маусымы  күрт күшейіп, қазан  айына дейін жалғасатындығы белгілі. Осы аралықта жауын-шашынның жылдық нормасының 80 пайызы түседі.

Ал осы жауын-шашын маусымы кезінде қатты дауыл тұрып, найзағай ойнап, талай адам жай түсіп жер жастанып жатады. Үндістанның қылмыстарды тіркеу ұлттық бюросының ресми деректеріне қарағанда, бұл елде жылына 2,3-3 мыңға жуық адам жай түсіп өледі екен.

Биыл да үндістандықтар үшін қиын болып тұр. Тек соңғы 3 күннің ішінде ғана найзағай мен нөсер жауын салдарынан өлгендердің саны 220 адамнан асып отыр. Олардың шамамен 140-ына жай түссе, тағы 80 адам дауыл кезінде құлаған ағаштар мен үй шатырлары асып қалған. Жай түсіп қаза тапқандардың көбі найзағай кезінде егістік алқаптарында жұмыс істеген дихандар мен шаруалар болып отыр.

Кемінде 72 адам елдің солтүстік-шығысындағы Бихар штатында, 56 тұрғын - Жаркханд, Уттар-Прадеш пен Мадхья-Прадеш штаттарында көз жұмды. Бұл штаттар адам шығыны ең көп болған өңірлер ретінде тіркелген.

Бихардың бас министрі Нитиш Кумар штат билігі қаза тапқандардың отбасыларына 400 мың рупийден (шамамен 6 мың доллар) жәрдемақы бөлінетіндігіне уәде берді.

Қытайдағы табиғи апат

Қытайдың Цзянсу провинциясындағы Яньчэн қаласында және елдің шығысындағы өзге де қалаларда нөсер жаңбыр мен алапат дауыл салдарынан 78 адам көз жұмып, 500 тұрғын жарақат алды. 200-ге жуық зардап шегуші ауыр жарақат алған, олар мүшкіл халде жатыр. Метеорологтардың хабарлауынша, желдің қарқыны кей жерлерде 35 м/с-ге жеткен. Бұл дауыл 1966 жылы Яньчэн қаласында соққан дауылдан кейінгі ірі табиғат апаты ретінде тіркелді. Қатты дауыл көліктерді аударып, ағаштарды қиратып, үйлердің шатырларын жұлып әкеткен.

Билік зардап шеккен аудандарға гуманитарлық көмек жіберді, оның ішінде мыңға жуық баспана-шатыр мен 2 мыңнан астам төсек бар.

China Daily газетінің электронды нұсқасының жазуынша, дауыл екі зауытты қиратқан. Басылымның хабарлауынша, мекемелерде қауіпті химикаттар сақталған, алайда қауіпті заттар қоршаған ортаға таралып кетуіне қатысты мәлімет берілмеген.

Жергілікті билік ақпаратына сәйкес, қазіргі уақытта іздестіру-құтқару жұмыстары аяқталған жоқ, билік өкілдері құрбандардың саны өсуі мүмкіндігін жоққа шығармайды. Бірқатар елді мекенде электр тоғымен қамтамасыз ету мүмкін болмай отыр.

Соңғы жаңалықтар