ӘЛЕМ АПТА ІШІНДЕ: Ыстамбұл мен Каракас бейбіт өмірге бет алды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Осы апта ішіндегі халықаралық тыныс-тіршілік әлемнің бірқатар елдеріндегі ішкі саяси ахуалдың бейбітшілік арнасына түсуіне орай өрбіді.
None
None

Венесуэла тұрақталып келеді

Ағымдағы жылдың ақпан айының ортасына қарай Венесуэланың бірқатар қалаларында мыңдаған адамның қарсылық шаралары орын алды. Жаппай наразылық шараларының ел астанасы Каракаста тұтануына бірқатар қалада наразылық шеруіне шыққан студенттік акция қатысушыларының тұтқынға алынуы себеп болған еді. Бұл 2013 жылы билік басына келген Венесуэла президенті Николас Мадураға қарсы халықтың жаппай бас көтеруі болды десек те артық емес.

Шерушілер биліктің жүргізіп отырған саясатына, елдің іс басындағы басшыларының қылмыстары мен заңсыздықтарына қарсы бас көтерді. Өйткені, соңғы жылдары елдің экономикалық ахуалы айтарлықтай нашарлап кеткен болатын. Жыл ішіндегі инфляция көлемі шамамен 56 пайызға жетіп, билік «жасырын девальвация» жүргізді. Соның салдарынан дүкен сөрелерінде тауарлар тапшылығы анық байқалды.

Каракастың Чакао ауданы оппозициялық күштердің басты бекінісі ретінде саналып, оның көшелерінде тосқауылдар қойылды. Дегенмен, негізгі наразылық шаралары Альтамир алаңында өтті. Жалпы наразылық басталған мезеттен бері құқық қорғаушылар мен оппозиция арасындағы бірқатар қақтығыстың салдарынан 30 адам қаза тауып, жүздеген адам жарақат алды, ал тұтқынға алынғандардың саны 1,2 мыңнан асып жығылады.

Осы аптада президент Н.Мадураның бұйрығымен Чакао ауданына әскери бөлімшелер кіргізілді. Елде орын алып отырған бұл жайттарға ресми билік сыртқы серіктестерді, оның ішінде АҚШ-ты айыптаса, АҚШ-тың мемлекеттік хатшысы Джон Керри Венесуэла президентін өз халқына қарсы «лаңкестік науқан» жүргізді деп кінәлап отыр.

Дүйсенбі күні Н.Мадуро «мемлекеттік төңкеріс және лаңкестік соққы жасау» әрекетінің жолы кесілгендігін жария етті. Қазіргі уақытта ел билігі қарсылық танытушылардың қалған ошақтарын жоюмен күрес жүргізуде. Дегенмен, қарсылық қозғалысының көшбасшысы Роман Мучачо қала көшелерінде қарапайым азаматтардан әскерилер көп болған кезде елдегі ахуалдың тұрақтанғандығы жайында айту ерте деп мәлімдеуде.

Осы аптада Венесуэла парламенті жаппай наразылық шаралары кезіндегі зорлық-зомбылық фактілерін тексеру үшін арнайы «шындық комиссиясын» құрды. Айта кетерлігі, оппозиция аталған комиссияның жұмысына қатысудан үзілді-кесілді бас тартып отыр.

Түркия сайлау қарсаңында

Түркияның 11 қаласында елдің қазіргі билігіне қарсы наразылық акцияларының тұтанғандығы есте. Бұл жайттың орын алуына ақпан айының соңындағы YouTube-де жария етілген дыбыс жазбасы түрткі болған еді. Онда премьер-министр Реджеп Тайып Эрдоған мен оның ұлы Билял Иранмен байланысты мұнай құбырына қатысты жемқорлық сызбаны талқыға салады. Әңгімелесу барысында дауысы Эрдоғанға келетін адам өзінің сұхбаттасушысына пара алу бойынша нұсқаулық береді. Бұған дейін де бір жазба жария етілген болатын. Онда да дауысы Эрдоғанға келетін адам ұлына құпия түрде үйдегі ірі көлемдегі ақшаны шығарып, туған-туыстары мен жақын адамдар арасында бөліп беруді тапсырады. Дегенмен, елдің ресми билігі бұл жазбалардың жалған екендігін мәлімдеген еді.

Сонымен елдің бірқатар қалаларында өткен шерулер барысында наразылық танытушылар премьер-министр Реджеп Эрдоғанның отсавкаға кетуін талап етті. Олар «Саған халық алдында жауап беруге тура келеді», «Барлық жерде ұрлық, жемқорлық жайлаған», деп ұрандатты.

Түркияда қарсылық ереуілдерін қуып тарату кезінде басына көз жасаурататын газ канистрі тиіп, өткен жылдың жазынан ес-түссіз жатқан 15 жасар баланың өлімі туралы хабарға орай қарсылық акциясы туындады. Ол кезде 14 жаста болған Беркін Эльван өз отбасына нан сатып алуға көшеге шыққан болатын. Кездейсоқ полиция құрбаны болған ол қазіргі билікке қарсыласушыларды біріктіру символына айналды, олар бала жансақтау бөлімінде жатқан кезде өнебойы ауруханада кезекшілікте болды. 11 наурыз күні кеште полиция Анкараның орталығындағы Қызылай алаңына жиналған бірнеше мыңдаған шерушілерді қуып тарату үшін су шашатын құрылғылар мен көзден жас ағызатын газды қолданды. Полиция оларды алаңнан ығыстырғаннан кейін де шерушілерді маңайдағы көшелерден де түре қуды, оның барысында бірнеше қақтығыс орын алды. Мұндай оқиға Ыстамбұлдың орталық Истикляль көшесінде де болып, бірнеше мыңдаған адам жиналды, сондай-ақ әлеуметтік желілерде жарияланған шақыруларға бүкіл Түркияның бірқатар жерлерінде үн қосқан қарсылық акциялары болды. Оңтүстіктегі Адана қаласында шерушілер полицияны таспен атқылады, Ізмір және Ескішаһар қалаларындағы бас көтерулер өткен жылдан бергі ең ауқымды оқиғаға айналды.

Қарсылық шерулері Ыстамбұл мен Анкарада бірнеше апта бойы жалғасуда. Оған премьер-министр Реджеп Тайып Ердоғанның ірі жемқорлық жанжалына байланысты интернетке мемлекеттік бақылауды күшейтуге және соттар мен прокурорларды тағайындауда үкіметтің ықпалын арттыруға бағытталған бірнеше заң жобасы себеп болды. Осы аптада елдің премьер-министрі Реджеп Тайип Эрдоган Әділеттік және даму партиясының сайлауалды митингісінде Түркияда барлық әлеуметтік желілер, оның ішінде Twitter жабылатынын мәлімдеген болатын. «Бұған халықаралық қауымдастықтың қалай қарайтыны үкіметті толғандырмайды».

Қазіргі уақытта ел 30 наурыз күні өтетін жергілікті билік органдарына сайлауға дайындалуда. Сәл ертерек Эрдоған 30 наурыздағы сайлауда жеңіліске ұшыраса саясаттан кететіндігін мәлімдеген еді.

Соңғы жаңалықтар