Әлем чемпионаты: Бағдат Сабаз Олимпиада жүлдегерін ұтып, қола медаль еншіледі
АСТАНА. KAZINFORM — Астана қаласындағы «Барыс Арена» спорт кешенінде өтіп жатқан күрес түрлерінен ересектер арасындағы әлем чемпионатында Қазақстан қоржынына 3-жүлде түсті.
Грек-рим күресінен Ұлттық құрама спортшысы Бағдат Сабаз (-67 кг) Париж Олимпиадасының қола жүлдегері, әлем чемпионатының 3 дүркін жүлдегері әзірбайжандық Хасрат Джафаровпен күш сынасты. Қола жүлде жолындағы белдесуде Бағдат қарсыласын айласын асырып, 3-орын алды.
Кеше 22 жастағы отандасымыз іріктеуде Азия чемпионы Раззак Бейшекеевті (Қырғызстан), 1/8 айналымда Абу Муслим Амаевты ұтқан. Ал ширек финалда Париж Олимпиадасының чемпионы, әлем чемпионы, 2 дүркін Азия чемпионы Саид Морад Исмаили Лейвасимен белдесіп, есе жіберді. Бүгін жұбаныш кезеңінде қытайлық Жин Шинді жығып, 3-орынға таласуға мүмкіндік алды.
Бұл - грек-рим күресінен Қазақстан командасының еншісіндегі үшінші медаль. Осыған дейін Исхар Құрбаев (-55 кг) пен Айдос Сұлтанғали (-60 кг) 3-орыннан көрінген. Осымен грек-рим күресінен бәсеке аяқталды.
Айта кетелік Гүлмарал Еркебаева ширек финалға шыққан еді.