Әлем чемпионаты: Бүгін футболдан Қазақстан құрамасы елордада Солтүстік Македониямен кездеседі
АСТАНА. KAZINFORM - Бүгін, 9 маусымда футболдан Қазақстан құрамасы 2026 жылғы әлем чемпионаты іріктеу кезеңі аясында елордада Солтүстік Македониямен шеберлік байқасады.

Кездесуі жергілікті уақытпен 18:50-де басталып, «Qazsport» телеарнасынан тікелей эфирде көрсетіледі.
Аталған ойында бас төреші қызметін Филип Глова атқарады. Оған отандастары Даниэль Полачек пен Питер Беднар көмектеседі. Қосалқы төреші де сол елдің өкілі – Питер Кралович.
Екі құрама бұған дейін 2021 жылдың 4 маусымында жолдастық кездесу өткізген еді. Аталған ойында қазақстандық футболшылар қарсыласына 0:4 есебімен есе жіберді.
Іріктеу кезеңінде қазақстандық футболшылар J тобында сынға түсіп жатыр. Қарсыластары – Бельгия, Солтүстік Македония, Уэльс, Лихтенштейн.
Қазірге дейін ел құрамасы Уэльске (1:3) жол беріп, Люксембургті (2:0) қапы қалдырды. Әзірге отандастарымыз турнир кестесінде үш ұпаймен 3-орында тұр.
Ал Солтүстік Македония құрамасы үш ойында 5 ұпай жинап, турнир кестесінде 2-орында келеді. Олар алдымен Лихтенштейнді (0:3) жеңіп, одан кейін Уэльс (1:1) пен Бельгиямен (1:1) тең түсті.
Қазақстандық футболшылар аталған ұйым аясында 2002 жылдың 25 сәуірінен бастап ойын көрсетіп келеді. Олар Әлем және Еуропа чемпионаттары, Ұлттар лигасы турнирлерінде бақ сынады.
Әзірге ел құрамасының Гибралтар, Израиль, Испания, Италия, Косово, Лихтенштейн және Швейцариямен жолы түйіскен жоқ.