Әлем чемпионаты: Гүлсая Ержан алғашқы жекпе-жегінде жеңілді
АСТАНА. KAZINFORM — Бүгін, 11 наурызда Гүлсая Ержан (81 келі) әйелдер арасындағы әлем чемпионатының 1/8 финалынан аса алған жоқ.

Сербияның Ниш қаласында өтіп жатқан дүбірлі додада ол 1/8 финалда қытайлық Ван Сяоменмен жекпе-жекке шықты. Нәтижесінде қарсыласына 0:5 есебімен есе жіберді.
Бұған дейін ел құрамасынан Анита Адишева (52 келі) 1/16 финалда сүрінген еді.
Айта кетсек, бұдан бұрын Алуа Балқыбекова (50 келі), Виктория Графеева (60 келі), Аида Әбікеева (63 келі), Жайна Шекербекова (54 келі), Жасмин Қизатова (66 келі) ¼ финалға жолдама алды.
Енді Елдана Тәліпова (81 келіден жоғары) 13 наурыз күні сербиялық Сара Милковичпен шаршы алаңға шығады.
Алдағы күндері Назым Қызайбай (48 келі), Карина Ибрагимова (57 келі), Наталья Богданова (70 келі), Надежда Рябец (75 келі) сынға түседі.