Әлем чемпионаты: Қазақстан әйелдер құрамасы үшінші мәрте жеңіске жетті

хоккей
Фото: icehockey.kz

АСТАНА. KAZINFORM - Шайбалы хоккейден Қазақстан қыздар құрамасы екінші дивизионның А тобында үшінші жеңісіне қол жеткізді.

Аталған ойындар 7 сәуірден бастап Андорра мемлекетінде өтіп жатыр. Жарысты қазақстандық хоккейшілер сәтті өткізіп келеді. 

Бүгінгі ойында олар Исландия құрамасымен кездесті. Кездесу барысында жинақы қимылдап, қарсыласына көп гол соғуға тырысты.

Ел құрамасынан Екатерина Куценко небәрі 1-минутта есеп ашса, одан кейін Дильназ Саяхатқызы 5, Мунира Саяхатқызы 11-минутта гол соқты.

Ал 14-минутта Александра Щегай мергендік танытса, 19-минутта Карина Фельзинк көздеген нысанадан мүлт кеткен жоқ.

Бұдан кейін Мунира Саяхатқызы 23, Анастасия Оразбаева 33-минутта басымдықты арттырса, оған исландиялық хоккейшілер небәрі екі голмен жауап қайырды. 

Еске салсақ, бұдан бұрын ел құрамасы Мексиканы 4:2, Тайваньды 3:0 есебімен тізе бүктірді. 
Енді қазақстандық хоккейшілер 11 сәуірде Бельгия құрамасымен кездеседі.

Қазақстандық хоккейшілер былтыр Оңтүстік Кореяның Сувон қаласында бірінші дивизионның В тобында сынға түсті.

Барлық ойында жеңіліп, бір сатыға төмен дивизионға төмендеді.

Соңғы жаңалықтар