Әлем чемпионаты: Қазақстан футзал құрамасы өз тобында екінші орын алды
АСТАНА. KAZINFORM — Бүгін, 21 қыркүйекте футзалдан әлем чемпионаты үшінші турында Қазақстан құрамасы Жаңа Зеландиямен кездесті.
Алғашқы екі турдың нәтижесі бойынша D тобында Қазақстан мен Испания құрамалары төрт ұпай жинады.
Қазақстандық футзалшылар алғашқы турда Испаниямен 1:1 есебімен тең ойнаса, одан кейін Ливияны 4:1 есебімен тізе бүктірді.
Сондықтан екі құрама үшінші турда өз қарсыластарын ірі есеппен жеңу қажет еді.
Ел құрамасы Жаңа Зеландиямен ойында қарсылас қақпасына гол соқты. Олардың қатарынан Ринат Төреғазин 8, Ақжол Дәрібай 11, Арнольд Кнауб 14, 15, 20, 22, 36, Лео Жарагуа 21, 29-минутта гол соқса, 30-минутта Жаңа Зеландия сапынан Логан Висневски автогол авторы атанды.
Осылайша Қазақстан құрамасы қарсыласынан 10:0 есебімен басым түсіп, өз тобында екінші орын алды. Бірінші орынға бүгін Ливияны 8:0 есебімен жеңген Испания жайғасты.
Енді Қазақстан құрамасының плей-офф сатысындағы қарсыласы Е тобында ертең өтетін Португалия және Марокко кездесуінің жеңімпазы болады.
Аталған сында ел намысын Нарун Серіков, Леонардо Игита, Арнольд Кнауб, Ринат Төреғазин, Ақжол Дәрібай, Әбдірасул Әбдіманапұлы, Азат Валиуллин, Лео, Альберт Ақбалықов, Шыңғыс Есенаманов, Біржан Оразов, Дәурен Тұрсағұлов, Жахангир Рашит және Дуглас Жуниор сынды спортшылар қорғап жатыр.