Әлем чемпионаты: Қазақстан хоккей құрамасы бүгін Чехиямен ойнайды

АСТАНА. KAZINFORM - Шайбалы хоккейден Қазақстан құрамасы 2025 жылғы әлем чемпионаты элиталық дивизионындағы бесінші ойынын бүгін Чехияға қарсы өткізеді.

Қазақстан хоккей құрамасы бүгін Чехиямен ойнайды
Фото: fctobol.kz

Кездесу Қазақстан уақытымен сағат 19:20-да басталып, «Qazsport» телеарнасынан тікелей эфирде көрсетіледі.

Әлем чемпионатында Қазақстан құрамасы В тобында ойнап жатыр. Қарсыластары - Финляндия, Чехия, АҚШ, Германия, Дания, Норвегия және Мажарстан. Ойындар Данияның Хернинг қаласында болады.

Екі құрама бұған дейін бес мәрте шеберлік байқасты. Оның барлығында қазақстандық хоккейшілер қарсыласына есе жіберді.

Қазірге дейін Қазақстан құрамасы Норвегияны (2:1) жеңіп, Германияға (1:4), Мажарстанға (2:4), Данияға (1:5) есе жіберсе, Чехия Швейцария (5:4), Норвегия (2:1), Дания (7:2), Мажарстан (6:1) құрамаларын қапы қалдырды.

Чехия құрамасының хоккейшілері

Қақпашылар: Карел Веймелка («Юта») және Даниэль Владарж («Калгари»).

Қорғаушылар: Филип Пирохта («Млада Болеслав»), Филип Гронек («Ванкувер»), Якуб Крейчик («Спарта»), Томаш Кундратек («Тршинец»), Иржи Тихачек («Кярпят»), Либор Хайек («Пардубице»), Давид Шпачек («Миннесота»).

Шабуылшылар: Ондржей Беранек («Карловы Вары»), Петр Кодытек (ХИФК), Даниэль Возенилек («Цуг»), Матей Странски және Филип Задина (екеуі — «Давос»), Якуб Лауко және Давид Пастрняк (екеуі- «Бостон»), Яхим Конделик, Роман Червенка және Лукаш Седлак (барлығы - «Пардубице»), Якуб Флек («Комета Брно»), Михал Шпачек («Спарта»), Мартин Нечас («Колорадо»).

Сондай-ақ бүгін В тобында 15:20-да АҚШ пен Германия, 23:20-да Дания мен Норвегия шеберлік байқасады.

Ал А тобында сағат 15:20-да Финляндия мен Латвия, 19:20-да Франция мен Швеция, 23:20-да Канада мен Словакия ойнайды.

Ел құрамасы дүбірлі додаға биыл 13-ші мәрте қатысып отыр. Әзірге ең жоғары көрсеткіші - 2021 жылғы оныншы орын.

Соңғы жаңалықтар