Әлем чемпионаты: Қазақстан хоккей құрамасы бүгін Латвиямен кездеседі

АСТАНА. KAZINFORM — Бүгін, 14 мамырда шайбалы хоккейден әлем чемпионаты элиталық дивизионында Қазақстан құрамасы үшінші кездесуінде Латвияға қарсы ойнайды.

Спорт
Фото: icehockey.kz

Әлем чемпионатында қазақстандық хоккейшілер В тобында Франция, Словакия, Латвия, Швеция, Германия, АҚШ және Польшамен сынға түсіп жатыр.  

Дүбірлі дода 10-26 мамыр аралығында Чехияның Прага және Острава қалаларында өтіп жатыр.
Қазақстан мен Латвия кездесуі бүгін, 14 мамырда сағат 19.20-де басталып, «Qazsport» телеарнасынан тікелей эфирде көрсетіледі.

Екі құрама бұған дейін 8 мәрте кездесті. Оның 1-уі Қазақстанның басымдығымен аяқталса, қалғанында қарсыласына есе жіберді.

Қазақстандық хоккейшілер аталған қарсыласын 2021 жылдың 22 мамырында әлем чемпионаты элиталық дивизионында буллиттен 3:2 есебімен жеңген еді. 

Одан кейін ел құрамасы 16 мамырда Швеция, 17 мамырда Германия, 19 мамырда АҚШ, 20 мамырда Польша хоккейшілерімен шеберлік байқасады. 

Айта кетсек, бүгін, 14 мамырда В тобында Франция мен Польша ойнаса, А тобында Дания мен

Норвегия, Австрия мен Канада мұз айдынға шығады.

Айта кетсек, бұдан бұрын қазақстандық хоккейшілер Францияны 3:1 есебімен жеңсе, Словакияға 2:6 есебімен есе жіберді.

Кеше, 13 мамырда аталған топта Словакия АҚШ-ты 5:4, Швеция Германияны 6:1 есебімен тізе бүктірді.

Қазір турнир кестесінде Швеция 9 ұпаймен көш басында тұрса, Словакия - 5, АҚШ пен Латвия - 4, Қазақстан мен Германия - 3, Польша мен Франция -1 ұпайға қол жеткізді.

Сондай-ақ, А тобында 13 мамырда Швейцария Чехияны 2:1, Финляндия Норвегияны 4:1 есебімен жеңді.