Әлем чемпионаты: Қазақстан хоккей құрамасы Швециядан жеңіліп қалды
АСТАНА. KAZINFORM - Шайбалы хоккейден 2024 жылғы әлем чемпионатында Қазақстан құрамасы төртінші ойынын Швецияға қарсы өткізді.

Швециялық хоккейшілер әлемде үздіктер қатарында саналады. Қазірге дейін аталған құрама 11 мәрте чемпион атанды. Сондай-ақ, бірнеше мәрте күміс және қола жүлдегер болды. Десе де соңғы мәрте 2018 жылы жеңіс тұғырына көтерілді.
Биыл алғашқы турдан кейін бірде-бір мәрте ұпай жоғалтпаған құрама турнир кестесінде көш бастап тұр. Ал қазақстандық хоккейшілер небәрі үш ұпаймен жетінші орынға орналасқан.
Бүгінгі кездесу барысында швециялық хоккейшілер ойын тізгінін қолда ұстауға тырысты. Нәтижесінде олардың қатарынан Маркус Юханссон 10, Линус Юханссон 35, Фабиан Зеттерлунд 41-минутта үш шайба соғып кетті.
Оған қазақстандық Әділ Бекетаев 45-минутта бір шайбамен жауап қайырды.
Осылайша Қазақстан құрамасы қарсыласына 1:3 есебімен есе жіберді.
Әлем чемпионатында қазақстандық хоккейшілер В тобында Франция, Словакия, Латвия, Швеция, Германия, АҚШ және Польшамен сынға түсуде.
Дүбірлі дода 10-26 мамыр аралығында Чехияның Прага және Острава қалаларында өтеді.
Айта кетсек, бұдан бұрын қазақстандық хоккейшілер Францияны 3:1 есебімен жеңсе, одан кейін Словакияға 2:6, Латвияға 0:2 есебімен есе жіберді.
Енді ел құрамасы 17 мамырда Германия, 19 мамырда АҚШ, 20 мамырда Польша хоккейшілерімен шеберлік байқасады.