Әлем чемпионаты: Қазақстан мен Уэльс кездесуі қай телеарнадан көрсетіледі
АСТАНА. KAZINFORM — 2026 жылғы әлем чемпионаты іріктеу сатысындағы Қазақстан мен Уэльс кездесуі қай телеарнадан көрсетілетіні белгілі болды.

Бұл ойын наурыздың 22-нен 23-не қараған түні қазақстандық уақытпен 00:45–те «Qazsport» телеарнасынан тікелей эфирде көрсетіледі.
Кездесу Уэльс астанасы — Кардифф қаласында болады.
Ел құрамасы 2026 жылғы Әлем чемпионатына іріктеу кезеңінде J тобында ойын көрсетеді.
Қарсыластары — Бельгия, Уэльс, Солтүстік Македония және Лихтенштейн.
Матчтар 2025 жылдың наурызында басталып, қараша айында аяқталады.
Айта кетсек, Қазақстан құрамасы 22 наурызда сырт алаңда Уэльспен кездессе, 25 наурызда Лихтенштейнге қарсы ойнайды.
Бұдан бұрын хабарлағанымыздай, Түркияның «Бешикташ» клубында ойнайтын жартылай қорғаушы Бақтиер Зайнутдиновтың жарақаты бар. Енді ол қосымша медициналық қаралымнан өтіп, нақты шешім қабылданады.
Ал Рамазан Кәрімов пен Роман Асранкулов алған жарақатына байланысты оқу-жаттығу жиынына қатыспайды.