Әлем чемпионаты: парадзюдошы Аяла Мереке жартылай финалға шықты
АСТАНА. KAZINFORM - Астанада өтіп жатқан парадзюдодан әлем чемпионатының екінші жарыс күні, 14 мамырда Аяла Мереке (70 келі) жартылай финалға шықты.

J2 санаты бойынша Аяла Мереке ширек финалда Лондон Паралимпиадасының қола жүлдегері Дуйгу Четені (Түркия) юко әдісімен жеңді.
Сондай-ақ J1 санаты бойынша Ерлан Өтепов (95 келіден жоғары) 1/4 финалда қарсыласы Ерденебилег Лхагвадоржды (Моңғолия) жеңуге 27 секунд қана жұмсап, жартылай финалға өтті.
Еске салсақ, әлем чемпионатында 13 мамырда отандастарымыз 1 алтын, 1 күміс және 3 қола жүлде еншіледі.
J2 санатынан Бексұлтан Құлмырза (81 келі) алтын алса, Ғалымжан Смағұлұлы (81 келі) күміс жүлдеге қол жеткізді.
Аталған санат бойынша Ерғали Шамей (81 келі), Айназ Құралова (46 келі) қола жүлдегер болды.
Сондай-ақ J2 санаты бойынша Даяна Федосова (60 келі) үздік үштіктен көрінді.
Жаһандық додада 10 салмақта жүлде жиынтығы сарапқа салынады. Ерлер 70, 81, 95, 95 келіден жоғары салмақта белдессе, әйелдер 52, 60, 70, 70 келіден жоғары салмақта жүлдеге таласады.
Сондай-ақ, Халықаралық дзюдо федерациясы тәжірибе ретінде Олимпиада салмағына кірмейтін 2 салмақта (ерлерде 64, әйелдерде 46 келі) жүлде сарапқа салынады.
Жарыстың өтуіне Халықаралық зағиптар спорт федерациясы (IBSA) қолдау білдірді. Онда 2028 жылы АҚШ-тың Лос-Анджелес қаласында өтетін Паралимпиадаға маңызды рейтингтік ұпайлар сарапқа салынады.